Нәзила. Илансаң бар ғой, әпке, таңертеңнен бері Гауһар екеуіміз дым сызған жоқпыз.
Қамажай. Немене, ақшаларың болмай қалды ма?
Нәзила. Жоқ, өзің берген ақшам да болды, Гауһар да құр алақан емес. Ательге барып едік, адам көп екен, шаршап өле жаздадық. Так что, әпкешка, бүгін алдымызға күнжара қойсаң да жей береміз.
Қамажай. Ақшаларың болмаса, ательге неге барып жүрсіңдер?
Нәзила. Бұрынғы ақшалы кездерім еске түсіп… Ательеге ақшалы адамның баруы жаңалық емес. Қолыңнан келсе, ақшасыз барып көр. (Күліп). Жай айтқанымыз ғой. Әпке деймін, ательеге маркизет түсіпті. Гауһарда азын-аулақ ақша бар екен, мен одан қарыз ала тұрмақ едім. Кезекке тұрып едік, жете алмадық. Жете алмағанымыз да дұрыс болды. Әйтпесе, кейін қайдан тауып берер едік.
Қамажай. Неге?.. Тауып береміз… Тимур ертең айлық алады ғой.
Нәзила. Оның айлығы өзінен артылмайтын болды ғой. Өткен жолы мен оны паркте бір қызбен көргем. Меніңше, финанс жағын сол кісі басқаратын болуы керек. Ал, енді іске кіріселік. (Екі құрбысы сықылықтай күліп, тамақтан қарбытып жеуге кіріседі).
Қамажай. Ойбай-ау, сендердің қарындарыңның аш екенін білмей қалдым ғой, тамақты мол жасайтын едім. Әлгі Темірбек бір жолдасымды ертіп келем деп еді. Сол екеуінің… Жарайды, сол екеуінің сыбағасын салып берейін.
Гауһар. Жо-жоқ, апа, керек емес. Бізге осы да жетеді.
Қамажай. Азаннан бері дым сызбасаңдар қайдан жетсін. Оларға… котлет қуырып бере салармын. Әкеліңдер ыдыстарыңды.
Нәзила. Біздің әпкешка бала сияқты. Не айтсаң, соған сене береді. (Үйге Темірбек және гитара көтерген бір жігіт пен екі қыз сау етіп кіріп келеді. Бәрі көңілді. Қамажай тамақ қамын ойлап, аңырып тұрып қалады).
Нәзила. Әпкешка, котлетті көбірек қуыр.
Темірбек. О-о, біздің үйде той боп жатқан-ау шамасы. Мамуля, мен білмейтін бұл қандай той?
Қамажай. Ә-ә… той емес… Жай, өзіміз. Жігіттер, қыздар, жоғары шығыңдар. Ермекжан, сен өз бөлмеңе бара ғой, кәне. (Ол кетеді). Ал, төрлетіңдер.
Темірбек. Мамуля, біздің үйде той жоқ дейсің, неге той жоқ? Той бар. Енді болады. Бүгін екі жылдан бері бір фирмада істеп келе жатқан менің ең жақсы досым Сұлтанның туған күні. Және ол біздің босағаны бірінші рет аттап отыр. Демек, біздің үйде бір емес, екі той өтуі тиіс. Ал, Кәмила, шығар сумкадағыларыңды.
Кәмила. Құп болады.
Қамажай. Темірбек-ау, мынауың… Күні бұрын неге айтпадың? Ұят боп қалды-ау, ә? Ылғи да асығыс. Тым болмаса, телефонмен бір ауыз айта салсаң етті.
Темірбек. Ничего, ничего, мамуля. Қуаныш атаулының ойда жоқта болғаны жақсы. Күні бұрын білген қуаныш – қуаныш емес. Эффектісі аз болады. Ал, Сұлтан, бұл кісі – менің әпкем, өзім мамуля деп атап кеткем. Мына қыз – қарындасым, оның қасындағысы – подружкасы. Екеуі институтта бірге оқиды.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26