Нәзила. Немене, ол ауруханада жатыр ма еді соншалықты. Әйелі бар, үйінен ішсін.
Қамажай. Ішеді ғой… Қайда барады. Бірақ уақыттары жоқ, асханадан тамақтанып жүр екен. Үйдің тамағын сағынып қалыппын деп қарбытып көп жеді. «Кешір, мамуля», — дейді. Сағынады ғой… қайда барады… Көзі шүңірейіп азып кетіпті. Ауырып қалмаса жарар еді. Кешке жақын барамын деді. Айтатын сөзім бар дейді. Өткен жолғы тірлігіне өкініп жүрген шығар. Тамақ іштіңдер ме?
Нәзила. Бізді қайтесіз. Демалыңызшы, әбден шаршапсыз ғой (Есікті айқара ашып, Омар кіреді. Қолында телеграммасы бар. Қуанышты. Гауһар төмен қарайды.).
Омар. Әпке! Сүйінші!
Қамажай. Ойбай, қалағаныңды ал. Ол не қуаныш?
Омар. Міне, телеграмма. Нәзила, оқып жіберші.
Нәзила. Кәне, әкелші бері.
Қамажай. Иә, оқышы тез.
Нәзила (термелей оқи жөнеледі). Алматы қаласы Абай даңғылы, 107-үй, 17-пәтер. Оспановқа. Қымбатты Омар Искакович! О-о, Искакович дейді. Кіші ғылыми кеңес сіздің жұмысыңызбен танысып шыққан соң оны «қанағаттанарлық» деп тауып, философия ғылымдарының кандидаты деген атақ алу үшін диссертация қорғауға шешім қабылдады. Диссертация осы жылдың 16 маусымында Мәскеу мемлекеттік университетінің акт залында өтеді. Сапарың сәтті болсын. Профессор Григорьев».
Нәзила. Ома-ар! Вот молодчина! (Жүгіріп кеп, оның мойнына асыла кетеді). Әпке, сіз неғып отырып қалғансыз, құттықтамайсыз ба? (Қамажай жылап отыр).
Омар. Әпке-ау, сізге не болған? Жылағаныңыз не бұл?
Қамажай. Жеттік-ау осы күнге, әйтеуір. Жолың болсын, жолың болсын… (Ақырын басып келіп, Омардың бетінен сүйеді).
Нәзила. Гауһа-ар! Сен не, қуанбайсың ба?
Гауһар. Мен… мен..
Нәзила. Менді қоя тұр. Бұлай сәті түсе бермейді. Бол!
Гауһар. (сасқалақтап Омарға жетіп келіп, оның қолын қысады). Құттықтаймын!
Омар. Рақмет.(Бәріне қарап). О-оу, сіздер… Бұл қалай, мен бір тап диссертацияны қорғап шыққандай…
Нәзила. Қорғайсың, қорғайсың. Сен сияқты білімді жігіт неден сүрінбек?!
Қамажай. Айтпақшы, бүгін қай күн?
Нәзила. 10 маусым.
Қамажай. Япыр-ай, келіп те қапты ғой.
Нәзила. Жұмыстан тағы сұранғалы отырсыз ба?
Қамажа. Енді … Әрине. Жол жабдығын әзірлеу керек.
Нәзила. Демек, ертең автобус тағы да кондукторсыз жұмыс істейтін болды ғой. (Тимур кіреді. Гауһар тез жинала бастайды).
Тимур. Сәлемсатсыздар ма? Бұл не жиын?
Нәзила («кетпе» дегендей Гауһардың қолынан ұстап). Костюмің құтты болсын-ей. Өзің таңдап алдың ба, әлде «мысығың» әперді ме? Әпкем жаңа ғана. «Көзі шүңірейіп, азып кетіпті», — деп еді, жүдеген дәнеңесі жоқ, қайта толып келе жатыр екен ғой.
Қамажай. Назила, сарнай бермей қойшы, енді. Теміржан, кел, шешініп столға отыр. Қарындасыңның мұндай сөзіне үйренетін кезің болды ғой. Омар Мәскеуге жүргелі отыр. Диссертациясын қорғауға барады. Қорғауға.
Тимур. Ом, рас па?
Омар. Рас.
Тимур. Құттықтаймын! (Келіп құшақтайды). Сәтті болуын тілеймін. Әттең, банкетіңде бола алмайтыным өкінішті.
Омар. Неге? Қамажай. Бола алмайтыны несі?
Нәзила. Не, 15 тәулікке түсетін болдың ба?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26