Әпке

Менің де ақылым асып-тасып бара жатқан жоқ, сендерден бір мысқал кем, бір мысқал артық. Әйтеуір, қайда жүрсең де, абыройыңды ұмытпа. Сонан соң… жаманды-жақсылы үй болдың, енді жаманды-жақсылы… Әй, қойшы… айтуға аузың да бармайды екен.

Тимур. Түсіндім, мамуля. Бәрін де түсіндім.

Қамажай. Түсінсең бопты. Ақылың бар ғой. Кәмилаға да өзім хат жазып тұрармын. Ұрыспай-таласпай өмір сүріңдер. Ал, қиналсаңдар… балаларыңды алып келіп, өзім тәрбиелеймін.

Тимур. Мамуля. (Бетінен сүйеді). Жылама, мен соғысқа бара жатқан жоқпын ғой. Енді жыласаң, тек қуаныштан ғана жылайтын боласың.

Қамажай. Вокзалға дейін мен де барайын. (Есікке Гауһар да беттейді).

Нәзила. Екеуің оңаша қала тұрыңдар. Диалектикалық материализм тұрғысынан қарағанда, мұның ерсілігі жоқ. (Екеуі оңаша қалады. Гауһар есік алдында үнсіз тұр. Омар қимылсыз отыр. Пауза ұзаққа созылады. Басқа бөлмеден Ермек шығады).

Ермек. Мамуля. Мамуля (Гауһарға қарап). Сіз неге түрегеп тұрсыз? (Орындық әкеп қояды). Отырыңыз. Омар. Ім…мм… кешіріңіз, менің ойымда болмапты….

Ермек. Менің самокатымды көрдіңдер ме? Омар. Самокат. Ә-ә, міне, мына жақта. (Самокатын әкеп береді). Тамақ ішесің бе?

Ермек. Жоқ (Есікке беттейді. Шығып бара жатып, екеуіне кезек қарайды). Омар аға, сен де үйленейін деп жүрсің бе?

Омар. Немене? Мұндайды сен қайдан білесің? Гауһар, кешіріңіз, бұл әлі кішкентай ғой.

Ермек. Кішкентай, кішкентай… Тимурға осылай дегенімде, ол да. «Сен кішкентайсың», — деп ұрысқан. Өзі бәрібір үйленді.

Омар. Жарайды, жарайды. Мен саған ұрыспаймын. Үлкендерге бұлай деп айтуға болмайды. Бар, ойнай ғой. (Ермек самокатын сылдырлатып шығып кетеді).

Гауһар. Мен… мен де кетейін. Омар. Імм…отырыңыз… Мен… котлет қуырайын…

Гауһар. Жоқ, рақмет… Сау болыңыз. (Сумкасын алып шығып кетеді. Омар тәтті бір сезімге беріліп, аңырып тұрып қалады. Нәзила кіреді).

Нәзила. Оу, Гауһар қайда? Омар. Імм… ол кетіп қалды.

Нәзила. Неге шығарып салмадың?

Омар. Шығарып салуға да, әрине, болар еді. Бірақ Ермектің сөзі бөгет болғаны.

Нәзила. Иә, ол не деп еді?

Омар. Сыртқа самокатын сүйреп шығып бара жатып. «Омар аға, сен де үйленгелі жүрсің бе?» — дейді. Кішкентай балалардың ойына мұндай сөз қайдан келеді?

Нәзила (сықылықтай күліп). Солай деді де. Жақсы айтқан екен.

Омар. Неменесі жақсы?

Нәзила (паузадан соң байыпты күйге көшіп). Омар, орынсыз болса, кешір,бірақ айтпасқа да хақым жоқ.

Омар. Ол не?

Нәзила. Гауһар жақсы қыз ба?

Омар. Қалай… Імм… сенің досың ғой.

Нәзила. Менің досым ретінде емес, өз басы қалай?

Омар. Жаман емес. Өмірден түйгені бар, ақылды қыз.

Нәзила. Сен оны ұнатасың ба?

Омар. Әрине… А-а, ұнатқаны қалай?.. Қалайша?

Нәзила (ызаланып). Сүйесің бе деймін?

Омар. Немен-е? Сен мына маған, туған ағасына. Қалай ұятың жетіп айта аласың? Бұл не деген?..

Нәзила. Тоқтат ақылыңды, философ! Қазіргі философия ағасы мен қарындасының ашық сөйлесуін жоққа шығармайды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26