Әпке

Және менің айтып тұрған сөзім пәлендей ұятсыздық емес, адамшылық (Шығып бара жатып). Ал… Гауһар… Гауһар сені жақсы көреді. Диалектикалық материализм тұрғысынан… (Шығып кетеді).

Омар. Не дейді? Гауһар?.. Диалектикалық материализм тұрғысынан?

* * *

Қамажай (телефон номерін теріп жатыр). Алло. Жатақхана ма? Маған Оспанов керек еді.

Теміржан… Тимур Оспанов. Алло, бұл Темір ме?

Теміржан. Әй, алтыным сол. Денің сау ма? Кәмила қалай? Иә, иә. Аман-есенбіз. Нәзила ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Ермектің жазған хатын алдың ба? Иә-иә, жақсы оқып келе жатыр. Бригадир ұрысты. Қалай? Бригадир етіп сайлады дейсің бе? Қашан? О, ақылдым менің. Ауыр емес пе? Құтты болсын, жарығым. Салған ақшаңды алдық. Енді салмай-ақ қой, өздерің жарата беріңдер. Бізге жетеді. Омаржан айына алты жүз доллар алады. Иә, керегі жоқ. Телефон соғып тұрсаңшы. Ал, Кәмилаға сәлем айт. Сау бол… Уф! Соңынан естілмей кеткені. Бригадир бопты, бригадир. Жарығым сол (Көзін сүртеді). Осында жүргенде тентек деуші едік. Көз алдыңда қадірі болмайды екен… (Нәзила кіреді, қуанышты).

Нәзила. Әпке, сүйінші.

Қамажай. Тілеуіңді берсін, күнім-ау. Ол не қуаныш?

Нәзила. Біздің Ом, яғни сіздің Омарыңыз Астананың жаңа ашылған университетінің филология факультетіне кафедра меңгерушісі боп баратын болды.

Қамажай. Кафедра меңгерушісі? Ойбай-ау, ол әлі жас емес пе?

Нәзила. За то, оның басы бар.

Қамажай. О, құлындарым менің. Теміржан да бригадир бопты.

Нәзила. Тимур бригадир бопты? Вот дает! Тимур бригадир болғанда, Омар неге кафедра меңгерушісі болмайды. Бүгін той жасамасақ болмас.

Қамажай. Айтпақшы, Астана дедің бе? Нәзила. Иә.

Қамажай. Демек, ол да кетеді десеңші.

Нәзила. Әрине, барып-келіп істейтін оған өз алдына самолет береді дейсіз бе?

Қамажай. Сөйтіп, бұл да өз жөнімен кетеді де…

Нәзила. Өз жөніне емес, үкіметтің тапсыруымен барады. Омар жалғыз сіздікі ғана емес.

Қамажай. Иә, иә… солай… Бәлкім, сен де кететін шығарсың. Бәрің де кетіңдер жан-жаққа тарап, мен қалайын жападан-жалғыз.

Нәзила. Жалғызсырамассыз. Құдай қаласа, Ақтау жақтан кішкене немере ініңіз де кеп қалар. Әкеп тастайды ғой. Одан соң Омар да кешікпес.

Қамажай (күліп). Әй, тентегім-ай. Айтқаның келсін. Ол үшін Омаржан әуелі үйленуі керек қой.

Нәзила. Ол жағынан қам жемеңіз. Кафедра меңгерушісі болудан үйлену қиын деп пе едіңіз. Ол Алматыдан Астанаға біреу емес, екеу боп барады.

Қамажай. Нәзила-ау, сен студент емессің, мұғалім болдың, абайлап сөйлемейсің бе?

Нәзила. Абайлағанда да, абайламағанда да солай.

Қамажай. Кім екенін білесің бе?

Қамажай. Кім екенін өзің ойлап тапшы.

Қамажай. Қайдан білейін. Осы күні қыз көп. Шошаңдаған біреу болмаса жарар еді.

Нәзила. Жоқ, шошаңдаған емес. Өте сыпайы, ақылды, көрікті, сізді туған әпкесіндей сыйлайды. Оның үстіне мен сияқты ағылшын тілінен сабақ береді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26