Әпке

Қамажай. Не дейді, не дейді? Мыналарды жын ұрған шығар?! Гауһар?!

Нәзила. Дәл таптыңыз!

Қамажай (теңселіп тұрып қалады). Не боп кеткен бұл? Бәрің… бәрің, шеттеріңнен, залымсыңдар…

Нәзила. Ол екеуінің залымдығы жоқ. Залым – мына менмін. Екеуін былай иіп әкеп (қолымен көрсетеді), тоқайластырдым да қойдым.

Қамажай. Ұят болды-ау… Енді не амал бар?

Нәзила. Ұят ештеңесі жоқ, қайта алғыс айтсын. Бірін-бірі жақсы білетін адамдар қосылуы керек. (пауза) Жақында шақыру билеті де дайын болады.

Қамажай. Осыдан екеуі көзіме көрінер ме екен?

Нәзила. Омар ұзақ уақыт тіл қата алмай жүріпті. Ақырында, отырған сәкісінен ұшып тұрып. «Мен сізбен үлгілі семья құруға әрқашан дайынмын», — деп тоқ етерін бір-ақ айтыпты. (Екеуі қосыла күледі).

Қамажай. Ал, енді сенің ғана кетуің қалды.

Нәзила. Жоқ, мен ешқайда да кетпеймін.

Қамажай. Тентегім-ау, сонда тұрмысқа да шықпайсың ба?

Нәзила. Шықсам да, шықпасам да, өмір бойы сенің қасыңда боламын.

* * *

(Үйде той. Ұзын стол лық толы. Қарсы беттегі қабырғада АНА портреті. Оның астында «60 жас» деген жазу көрініп тұр. Көрші әйел кіреді. Қолындағы гүлін стол үстіндегі вазаға қояды).

Әйел. Бақыт деген осы-ау деймін, Қамажай. Аналарыңның тойы құтты болсын. Бәрін жеткіздің, бәрін өсірдің. Азамат деген сендей-ақ болсын.

Қамажай. Көңіліңізге рақмет. Темір мен Омардың келетін уақыты болды. Кешігіп жатыр. Әйел. Келеді ғой. Қара шаңырақ оларды қайда жіберер дейсің. Әй, Қамажай, өз дегеніңді орындап, бәрін жеткіздің. Омарың – ғалым, Тимурың – бригадир, Нәзилаң – мұғалім, Ермек – оқушы. Енді… өзіңді де ұмытпасаңшы. Саған ешкім ренжи қоймас.

Қамажай. Қайдам, осылардың анасын жоқтатпаймын деп жүріп, шын ана боп кеткен сияқтымын. Бәрі жас баладай көрінеді де тұрады. Әйел. Түу, Қамажай-ай. Қызықсың-ау. Сенің орныңда басқаны қайдам, мына мен төзе алам ба, жоқ па, білмеймін. Білсем де, қолымнан келмес-ау деп қорқамын.

Қамажай. Менікі қайбір жүректіліктен дейсің, осыларға деген мейірімнің шарпуы шығар. Әйел. А-а, айтпақшы, үйге шал да келіп қалған шығар. Әлгінде жиналыста отырмын деп звондап еді. Келсе, осында ертіп әкелейін. Қазір қайтып келемін. (Шығып кетеді. Ермек кіреді. Қолында телеграмма. Өзінше күбірлеп, оқып келеді). Ермек. Мамуля, телеграмма!

Қамажай. Не болды, тыныштық па? Бұл не? Телеграмма. Япыр-ай, жүрегім бір нәрсені сезген сияқты еді, әкелші бермен (Оқиды, репродуктор). «Мамуля! Бригаданың жылдық жоспарының орындалуы жайлы өндірістік басқарма алдында ертең есеп беруіме байланысты бара алмайтын болдым. Ол үшін бәріңнен мың мәрте кешірім сұраймын. Тимур». «Мамуля, Кешір! Қазіргі түркі философиясының теориялық мәселелері бойынша Анкара қаласында өтетін халықаралық конференцияға шұғыл аттанып бара жатырмын. Қайтар жолда міндетті түрде соғамын. Өзіңді құшақтап сүюші — Омар!.

Қамажай. Сөйтіп… бұлар…келмейтін болды де.

Ермек. Әпке, олар келмей ме?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26