Әпке

Ал, мына екі қыз – Кәмила және Светлана. Қазақша аты – Сұлухан. Аты – не очень удачный ат. Сондықтан Светлана деп кеткенбіз. Все мы уже знакомы, моя миссия окончена, теперь прошу за стол. (Бәрі столға отырады).

Қамажай. Ал, туған күнің құтты болсын, інішек. Қуаныштымыз. Темірбекжанның досы болсаң, менің де туған інімсің. Ал, өздерің отыра тұрыңдар, мен барып котлет… імм… тамақ дайындап жіберейін. (Шығып кетеді).

Темірбек. Наз, сен де осы үйдің қонағымысың? Мамуляға көмек бермейсің бе?

Нәзила. Мынау француз коньягі ма?

Темірбек. Болса қайтейін деп ең?

Нәзила. Бұл қымбат қой… Кәмила (жеңілтек үнмен). Біз оны рестораннан алдық. Нәзила. У-у, неткен байлық! Ал, біз Гауһар екуіміз ақшаның жоқтығынан күні бой тамақ та іше алмадық.

Темірбек. Байлық еш уақытта жұртқа бірдей бөлінбейді.

Нәзила. Таба алмай жүрген асыңның Ит жегенін көресің… Ретсіз бөлген дүниенің Айтшы құдай төресін…

Темірбек. Тоқтат! Тіліңді кесіп, язык отварной жасаймын.

Нәзила. Таптырмайтын деликатес! Менің тілім, міне (Тілін көрсетеді). Кішкентай-ақ. Төртеуіңе жете қояр ма екен? Жарайды. Өзім, закуска болғанша, ас үйге барып бірдеңе әзірлесейін, жоғары мәртебелі тақсыр… (Иіліп тағзым етеді).

Темірбек. Жоғалт көзіңді! Нәзила. Құп болады, құп болады. Көзімді жоғалтайын. (Лып етіп шыға жөнеледі).

Темірбек. Сендер оның сөзін көңілдеріңе алмай-ақ қойыңдар. Ол былай… аздап… ненормальный-лау. Светлана. Дегенмен, бізді ұнатпай қалғаны анық. Тілінің уы бар қыз екен.

Кәмила. Қазіргі заманда жұрттың бәріне бірдей ұнай беру шарт емес. Қазіргі ғасыр – ғылыми-техникалық прогрестің ғасыры ғана емес, субьективті пікірдің де ғасыры. Біреуге ұнау үшін әрекет жасау бекершілік. (Сигарет тұтатады).

Сұлтан. Біреуге ұнамауды мақсат ету де адамды рухани тұйықтыққа итермей ме?

Кәмила. Сен мені түсінбей қалыпсың. Біреудің қас-қабағына қарап, соның ақылымен өмір сүру, қайткен күнде оған өзің жайлы жаман пікір қалдырмауға тырысу – адамды ой бостандығынан айырады. Ал, ой бостандығы болмаған жерде… айталық, сен қолыңа гитара ұстап, туған күніңді думандатып, маған қарсы дау айтып отырғаныңа қарамастан, тіпті он екі мүшесі сау, қаланың ортасынан алған үш бөлмелі пәтеріңе, несиеге алған машинаңа қарамастан, мына сен… сыртын терімен қаптай салған тұлып болар едің.

Сұлтан. І-імм. С-солай де! Ашулануға тұрарлық сөз екен. Бірақ жақын досымның үйіне алғаш рет келіп отырғандықтан, шаңырақтың шырқын бұзғым келмей отыр. Дегенмен, айта қойшы, жұрттың бәріне бірдей ұнамауды мақсат еткен адам ғана ой бостандығының иесі санала ма? Обьективті пікір деген бар ғой.

Светлана. Жоқ.

Сұлтан. Қалайша? Обьективті пікірді жоққа шығарғың келе ме?

Светлана. Жоққа шығарғым келмейді. Өйткені ол болған емес. Обьективті пікір деген – субьективті пікірлердің жиынтығы.

Сұлтан. Ал, әйтпесе, жиырма бірінші ғасырдың жойқын нигилисі арамызда жүр екен ғой. (Гауһарға қарап).

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26