Қамажай. Ә… Мейлің, мейлің… Ауырмасаң… ауырмасаң бопты.
Кәмила. Тим! С тобой так хорошо!.. Нәзила. Әпке, сіз температурасы көтерілген адамды ғана ауру деп санайсыз ба? Махаббат та ауру. Одан да адамның қызуы көтеріліп, қан қысымы жоғарылайды.
Темірбек. На-аз! Не болған саған? Тоқтат енді!
Нәзила. Жоқ, тоқтатпаймын. Әпкемнен, мына өз үйіңнің шаңырағынан, қарындастарыңнан ұялсаң етті. Өз туыстарыңның алдында бұл күнә.
Қамажай. Қой, қой деймін, Нәзила. Теміржанның достарының көңіліне тиме.
Нәзила. Олар бізді неге сыйламайды?
Светлана. Солай ма? Онда кешіріңіз. Сіздерге барлық жағдайды жасап, жарықты сөндіріп шығып кетсек қайтеді? Көршілерге барып қонып, таңертең бір-ақ келсек, сонан соң сүт қосып шай берсек. Сонда қонақжай қыз бола ма?
Кәмила. Тимур, сен сау бол. Мен кеттім. Сенің туыстарыңа ұнамайды екем…
Темірбек. Кама, тоқта! (Үйден бәрі шығады. Гитарасын қасақана дарылдатып, Сұлтан шайқала басып, есікке беттейді).
Темірбек. Тоқтаңдар, тоқтаңдар деймін, Сұлтан, Светлана! (Үйде өздері ғана қалады. Төртеуі төрт бұрышта сілейіп тұр. Есік алдында Тимур).
Қамажай. Не боп кетті, құдай-ау. Өң мен түстей. Теміржан, қарындасыңның балалығын кешір. Япырым-ай, әуре боп жасаған тамақты да іше алмадыңдар ғой.
Тимур. Құрып қалсын тамағың!
Нәзила. Әпке-е, мынау тағы да күнәға батты.
Тимур. Жоғалт әрмен көзіңді. Үй-и, осы қыздың қырсығы өтіп болды-ау. Тіліңді ыстық темірмен қарысам ба екен?
Нәзила. Сен «язык отварной» жасаймын деп едің ғой. Онда «язык жареный» болады.
Тимур (жер тепкілеп). Тоқтат деймін, тоқтат! Қылғындырып, қылғындырып өлтіремін, білдің бе? Қоздыра берме менің ашуымды. Қоздыр-ма!
Нәзила. Енді тісіңді қайрасаң, тіпті қатып кетеді.
Тимур. Әй, сайтан алғыр! (Оған тап береді. Нәзила басқа бөлмеге қашып кіріп, есікті тарс жауып алады). Қашан күйеуге тиіп, қарасын батырар екен осы?
Қамажай. Туған қарындасына солай деп айта ма екен, Теміржан-ау.
Нәзила (ішкі жақтан дауыстап). Мен аспирантураны бітірмей тұрмысқа шықпаймын. Ал, қазір институттың екінші курсында ғана екенімді білетін шығарсың.
Қамажай. Нәзила, жетеді ғой, сөз таластыра бермесейші.
Тимур. Мұндай боларын білгенде, мен жолдастарымды үйге ертіп келмей-ақ, кафеге апарып сыйлайтын едім. Енді олардың бетіне қалай қарамақпын. (Киімін киеді).
Қамажай. Қайда бармақсың?
Тимур. Кеттім. Әлгілерді қуып жетуім керек. (Есікті тарс жауып кетеді. Ішкі үйден Нәзила шығады).
Нәзила. Гауһар, кешірші. Сен әбден жалғызсырап қалдың ғой. Қазір екеуіміз Феодосия шарабын ішеміз.
Қамажай. Нәзила-ау, мұның қалай? Өз ағаң ғой. Сонша қарсыласпасаң нетті.
Нәзила. Білмеймін. Мен дұрыс жасамаған да шығармын. Бірақ, әлгі қыздың тым еркінсіп, ұят-аятты естен шығарып бара жатқаны жаныма тиді. «Я так хочу» , — деп Тимурды құшақтап апты. «Котенок мой», — деп бұл да өліп бара жатыр.
Қамажай. Әйткенмен, ренжіп кетті-ау. Қазіргі жастарға ескерту жасасаң да жақпайсың. (Ыдыстарын алып, ас үйге кіріп кетеді).
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26