Әпке

Нәзила. Жарайды, екеуіңізбен де келістім. Бірақ Омға қоятын тағы бір сұрағым бар. Айтшы, көп ізденетін жас ғалым әрі жас, әрі көрікті қызды үйіне жалғыз қайтарғанда өзін қалай сезінеді?

Гауһар. Нәзила, сенің мұның не? Мен өзім-ақ қайтамын ғой. Троллейбустың аялдамасы үйдің дәл іргесінде емес пе? Тура жатақханаға апарады.

Омар. Ім-м. (Даусын қырнап). Ім-мм, әрине, бұл ешқандай ілімде көрсетілмеген. Бұл жеке адамның тіршілігі. Қыз баланы түнде жалғыз қайтаруға болмайды. (Киіне бастайды).

Гауһар. Қойыңыз, әуре болмаңыз. Түу, Нәзила-ай, сен де қайдағыны шығарасың. Мұндай боларын білгенде мен бағана-ақ кетіп қалатын едім ғой. Сіз тамағыңызды ішіп алсаңызшы.

Омар. Мен сіздің қайтқалы тұрғаныңызды байқамаппын. Аңғырттық дегеннің өзі адам өміріне көп кесірін тигізеді. Жүріңіз. (Сөзін жалғастырып, сыртқа беттейді). Ал, байқамаған нәрсеңді еске түсірген адамға осындай сәтте шын риза екеніңді жасырмауың керек. Бұл ретте мен өз қарындасыма рахметімді айтамын. (Есіктен шығады. Есік жабылған соң да Омардың даусы естіліп тұрады). — …Диалектикалық материализм тұрғысынан қарағанда, қыз баланы үйіне апарып салу деген… (Телефон шырылдайды).

Қамажай. Алло. Мен ғой. Жай, өзіміз. Не істеп отырушы едім, балаларға тамақ беріп… Енді ыдыс-аяқ жууға кіріскелі жатырмын. Нәзила ма? Қолдары тимейді, сабақтары ауыр ғой. Өзімнен артылатын тірлік те жоқ. Не? Концерт? Филип Киркоровтың? Маған билет ап қойдың ба? Ой, көп рақмет. Жол-жөнекей бізге соға кет, бірге шығайық. Жарайды, сау бол.

* * *

(Қамажай еден жуып жүр. Шүберегін сығып, шелегін көтере бергенде, үйге Тимур кіріп келеді. Әлі ренжулі. Шкафты ашып ақ көйлегін, костюмін киеді).

Қамажай. Қайда жиналдың? Тамақ ішпейсің бе?

Тимур. Жаңа асханадан ішкенмін. (Галстугін байлайды).

Қамажай. Жұмыстан шаршап келеді деп…

Тимур. Рақмет.

Қамажай. Омар Мәскеуге ұшады екен. Жетекшісі шақыртыпты.

Тимур. Тағы да ақша құртады десеңші.

Қамажай. Өз стипендиясы өзіне жетеді ғой…

Тимур. Жолына жетер. Онан соң не істемек?

Қамажай. Енді… бір мәнісі табылар. Диссертацияны абыроймен қорғап шықса…

Тимур. Әй, қайдам. Көп болды сандалғанына. Платон болам деп жүр ме екен?

Қамажай. Платон болмаса да, азамат болар. Ағаң ғой, әйтеуір.

Тимур. Бір жолдастың үйіне баруым керек еді. Қолың тисе мына костюмді үтіктеп қойшы.

Қамажай. Ойымнан шығып кетіпті ғой… (Тимур бәтеңкесін қолына алып, әрі-бері қарайды).

Тимур. Жұртқа көрсететін жөнді бәтеңкем де жоқ екен ғой, өзі.

Қамажай. Ертеңгі айлығыңа алайық. Өзің таңда… Несі бар?

Тимур. Ертеңгі жалақымды қарызыма берем.

Қамажай (селт етіп). Қарыз. Қарызы несі? Оны неге алып жүрсің?

Тимур. Ә-ә… Бір шаруаға қажет боп қалып еді…

Қамажай. Бір шаруаға… Омар Мәскеуге жүретін еді…

Тимур. Жүрсе қайтпекпін? Естідім ғой, естідім, неменесіне қайталай бересің? Барсын… Жүрсін!

Қамажай. Барады ғой, барады… Неге зіркілдейсің? Не боп кеткен саған, бұрын мұндай мінезің жоқ еді ғой. 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26