ЗАЛДАН ДАУЫС. Оны түсіңде көріп қайтейін деп едің, түсіңде көргің келетін басқа арманың жоқ па?
ЕЛЕМЕСОВ (Жанаевқа). Мына шалды тәртіпке шақыруыңызды сұраймын. Жұртты сөйлете ме, жоқ па? Жастар тыныш отырғанда кәрия қылжақпас болды деген не сұмдық!
БАСҚА ДАУЫС. Реплика айтылды да кетті. Сөйлей берсеңші, тоқтамай!
ЖАНАЕВ (орнынан тұрып). Жолдастар, тәртіпті сақтауларыңызды сұраймын! Сөйлегілеріңіз келсе ортаға шығып сөйлеңіздер. (Елемесовке) жалғастыра беріңіз! Малдыбаев Жанаевқа қағаз жібереді, Жанаев аудан өкіліне, директордың құлағына әлдене деп сыбырлайды. Сонан соң залға қарап ым қағады. Малдыбаев шығып кетеді.
ЕЛЕМЕСОВ. Солай, жолдастар! Қазіргі біздің демократия мен түбегейлі өзгерістер кейбір кісілерге (шалды нұсқап) ұнамай, кекесін тудыруы мүмкін. Ол заңды да, өйткені, жаңалық атаулы жұрттың бәріне бірден жаққан емес. Осындай мысқылмен қараушылар, жекелеген пессимистер кездеседі, оны колхоз партия ұйымы күні бұрын ескерген. Бірақ, мұндай кертартпа көңіл-күй жеке адамның шеңберінен аспауы керек, егер ол басқа біреулерді де соған ыңғайлауға тырысса, ол қоғамға жат элемент боп есептеледі. Ондай адамдар қасындағы кісінің кемшілігіне көз жұмып қарауға бейім, ымырашыл келеді. Ал, ымырашылдық қоғамды үлкен тұйыққа, заң мен тәртіпті өрескел бұзуға апарып тірейді. Сіздер ойламаңыздар, мені бір шешендігі асқынып бара жатқандықтан сөйлеп тұр деп, мен де әлгі кісілер секілді амалсыз ортаға шығып тұрмын. Ортаға шығуға мәжбүр еткен — менің адалдық, коммунистік арым! Өйткені, көп жыл бойы қоластында қызмет істеп жүріп, мен Саттаровтың кім екенін білмей кеппін. Мен оған құдайдай сеніп кетіппін де оның айтқандарына қарсы шығуды ұят деп есептеппін. Бұл – менің де қателігім. Сөйтіп, көзбояушылық пен жалған көрсеткіштер беруге ұрыныппын. Егер менің бригадамда үш мың гектар жерге егіс егу керек болса, мен үш жарым төрт мың гектар жерге дән септім де, ақпарды үшеу деп беріп келдім. Сол қылмысымыз енді ашылып отыр. Мені бұған итермелеген, көзбояушылыққа зорлап көндірген — осы отырған Саттаров. Төрт мың гектар жердің өнімін үш мың гектарға бөлгенде орта есеппен 22-23 центнерден болмақ. Ал, қуаңшылық зона үшін бұл үлкен жетістік. Саттаровтың бұл әрекетінің түп төркінінде қандай мақсат жатқанын енді айтпаса біліп отырған шығарсыздар. Сонда да болса айта кетейін, ол-оңай табыс, артық абырой, ордендер сыңғыры. Жұрт тым-тырыс. Елемесовтің сөзі оларға әсер еткен секілді. — Міне, жолдастар, менің бар айтпағым осы! Мен Саттаров жолдастың партия қатарында қалуына қарсымын! Зал ойланып қалған.
ЖАНАЕВ. Келесі сөз… Жолдастар, қол көтеріңіздер. Бұрынғыдай тізім жоқ, залдан қол көтергендер сөйлейді. Қане, кім сөйлейді. Залдан екі-үш адам қол көтереді.
ЖАНАЕВ. Келесі сөз – аға шопан Андасовқа беріледі.
АНДАСОВ. Мен… (Саттаровқа қарап). Мен не дейін (Жанаевқа қарап). Басшылар жиналыс бар деді, сөйле деді. Не айтам?.. Айтуар Саттаровты сегіз жылдан бері білем. Ол бізге ылғи да келіп тұрды.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28