Менің тоғыз балам бар. Ешқайсысы оқымаған еді. Мектептері жыл сайын «малға барыңдар, малға барыңдар» дейді де, балаларым соны тыңдап мал бағып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Саттаров кеп маған ұрысты. «Тоғыз балаңды мал соңында тоздырмақсың ба, тым болмаса біреуіне жоғары білім беру қамын қарастырмайсың ба?» деп, төртінші ұлымды Алматыға немен… немене еді әлгі, напраулениемен жіберді. Сол бала қазір оқып жатыр.
ЖАНАЕВ. Тегін түсті ме?
АНДАСОВ. Қайдам, жолға деп үш жүз сом бергем.
ЖАНАЕВ. (күліп) Тағы бір ноль қосыңыз. Иә, кешіріңіз, айта беріңіз.
АНДАСОВ. Нені айта берем. Кемшілігі болса болған шығар, біз далада жүрген адамбыз. Басқа айтарым жоқ. Ол орнына отырады.
ЖАНАЕВ. Жолдастар! Сын аздау боп жатыр. Өткірлеу сөйлеңіздер! Келесі сөз, бесінші бөлімшенің меңгерушісі Мекебаевқа беріледі. Малдыбаев қайтып келеді. Жанаевқа әлдене деп сыбырлап, орнына отырады. Жанаев оның сөзін басқаларға жеткізеді, олар «түсінікті» дегендей бастарын изейді. Ортаға Мекебаев шығады.
МЕКЕБАЕВ. (қалтасынан қағаздарын алып, ұзақ реттейді. Көзілдірігін киіп, сатырлатып оқи жөнеледі). Жолдастар! КПСС 27-съезі мен Қазақстан Компартиясы 16-съезінің және партияның онан кейінгі пленумдарының шешімдерімен қызу жігерленген біздің «Жарсу» бөлімшесінің еңбекшілері барша совет адамдары сияқты еңбек қарқынын күннен күнге еселей арттырып, өздерінің алға қойған мемлекеттік жоспарын абыроймен орындап келеді. Қазіргі қайта құру саясатын бөлімше еңбекшілері қуана қарсы алып, ол процесті неғұрлым жеделдете түсу жолында жан аямай еңбек етуде. Соның нәтижесінде біздің бөлімшеде қайта құру кезеңі біздің зор қарқынмен адымдап келеді. Келесі жылы осы кезде біз оны абыроймен аяқтап шығамыз деп уәде береміз. Уәде береміз… Қазір бөлімшеде барлық комбайн егіс оруға сақадай сай тұр, яғни, жүз процент. Егістің әр гектарынан былтырғы жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан 23 центнерден астық алып, мал азығын дайындауды 105 процент орындадық. Сүдігер жырту –104 процент, жүн қырқу –106 процент, күздік себу ол да –106 процент, жабайы шөп ору –103 процент, жұмыртқа өткізу –102 процент, халыққа мәдени қызмет көрсету –101 процент, кітап оқу –100 процент, орындалды. Бұл көрсеткіштерді үстіміздегі және алдағы жылдары мұнан әрі дамыта береміз деген ойдамыз.
ЗАЛДАН ДАУЫС. Дамитын жерлерің де қалмапты ғой өзі!.. Жанаев стакан соғады.
ЗАЛДАН ДАУЫС. Совхоздың жиналысы түгіл съездерде де реплика айтылады. Иә, кешір, ары қарай айта бер!
МЕКЕБАЕВ. Бөлімшеде маскүнемдік пен ішкілікке қарсы күрес мейлінше жақсы қолға қойылған. Соның нәтижесінде қазір біздің еңбеккерлер арақты алдына апарып қойсаң да аттап өтіп кете береді. Өкіл Жанаевқа сыбырлайды. Жанаев тағы да стакан шықылдатады.
ЖАНАЕВ. Күн тәртібінде тұрған мәселені ұмытпаңыз.
МЕКЕБАЕВ. Иә, өзім де… (абдырап, қағаздарын тағы сапырластырады). Ал, бүгінгі мәселеге келетін болсақ (ол Саттаровқа жасқана бір қарап қояды), бұл жөнінде менің айтарым — алдыңғы жолдастардың
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28