БАЙЖАНОВ. (ызаланып) Амандығын қайтейін деп едің, шаруаңды айта берсеңші!
МАЛДЫБАЕВ. Туһ! Осы телефондар жөнделмей-ақ қойды-ау! Бір жазушы айтты деп еді, Қаскелеңде отырып бес сағатта ала алмаған Алматыны, Кубада жүргенде бес-ақ минутта алдым деп. Расында солай, кейде ауданға телефон соққаннан гөрі барып келген оңай. Алло! Алло!
ЖАНАЕВ. Есенов! Есенов! Қайдан естідім бұл фамилияны?!..
КЕРЕЕВ. Түк түсінсем бұйырмасын! Мен ғой ауданнан кеше ғана шықтым. Ол кезде пленум болады деген сыбыс та жоқ болатын. Ауданның бірінші хатшысын келесі аптада сайлап қалармыз деп жүргенбіз, бірақ тап бүгін ұйымдық мәселе қаралады деп кім ойлаған! Осыншалықты шұғыл өткізетіндей не боп қалды екен?
БАЙЖАНОВ. Артық-ауыс сөзді көбейтпейік деген шығар.
МАЛДЫБАЕВ. Пленум бітті деген әлгінде. Кімді сайлағанын сұрайтын адам таппай отырғанымды қарашы.
ЖАНАЕВ. Айтпақшы, сіз екеуіңіз де пленум мүшелерісіздер ғой…
КЕРЕЕВ. Иә, солай… Кім білсін жоғары жақтың не ойлағаны бар екенін!..
БАЙЖАНОВ. Бәлкім бізді тю-тю! (күледі). Кереев оған жақтырмай карайды. — Кешіріңіз, мен өзімді айтамын!..
КЕРЕЕВ (Байжановқа). Осы кезге дейін бір телефонды жөндеп қойдыра алмай… Қалай күн көріп отырсыздар?
БАЙЖАНОВ. Аппаратура ескі, әні-міне жаңасын күтіп отырмыз.
КЕРЕЕВ. Қайдам, мұндай аппаратты Созақ ауданынан да кездестірген жоқпын.
БАЙЖАНОВ. Демек (күліп) елді жиі аралап тұру керек.
КЕРЕЕВ. Немене, жергілікті телефон станцияларыңды да райком арқылы әкеп орнатуы керек пе? Бәрін жоғарыдан күтіп үйренгенсіздер. Жыламаған балаға емшек жоқ! (Малдыбаевқа) Тағы да көрші!..
МАЛДЫБАЕВ. Мен көруін көріп жатырмын ғой… Бұрын саңқылдап құлақты жарып кете жаздап тұрушы еді… Арал теңізі сияқты бұл да күн санап құрып бара жатыр. Кереев пен Байжанов оған жақтырмай қарап кояды. БАЙЖАНОВ. Әрбір айтылар сөздің орнын білу керек қой, жолдас зоотехник!
МАЛДЫБАЕВ. (Байжановтың сөзіне мән бермей). Ә-ә, міне, міне!.. Алло! Алло! (Кереевке). Енді жақсы естілді, сөйлесіңіз! Кереев трубканы алады.
КЕРЕЕВ. Алло! Алло! (Мынау жақсы естілмейді ғой). Алло, бұ кім? Бұл кім деймін? Генерал? А-а! Генерал Уәлиев сенсің бе? Туһ, сенің атыңа үйрене алмай-ақ өтетін шығармын. Қазақтар да ат қойғыш-ақ. Слушай, Генерал, пленум бітті ме? Біткеніне жарты сағат болды? Алло! Алло.’.. Бәрі едірейіп тыңдап қалған. — Немен бітті? Кім сайланды? Кім? Саттаров? Әбсаттаров? Ол қайдан келген? Бұрын ол істеген екен? Мұғалім? Немене, немене? Жөндеп, қаттырақ айтшы! Мұғалім? Кәдімгі жай мұғалім бе? (Ол қалтасынан. орамалын алып маңдайын сүртеді). Фамилиясы кім дедің? (Кереев «жаз» дегендей Жанаевқа ымдайды. Ол тез қағаз-қаламын алады). Саттаров? Әбсаттаров? (Жанаевқа) Екеуін де жаза салшы! Орнына отырды ма? Шаруашылықты аралап кетті?! Алло! Алло! Мені іздеген жоқ па? Жарайды! Сау бол! Ол трубканы қойып, креслоға отырады да, терең күрсінеді. Өзгелер оны айдап келген адамдай анталап қоршап алады.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28