. «Менің ақырет сапарымның барлық шығынына мұғалім баламның ақшасы жұмсалсын депті. Түсіндіңдер ме шалдың ойын? Ешкім үндемейді. — Демек, ақырет жолына адал ақшаның жұмсалғанын қалаған. Арам ақша құдай жолына жүрмейді деген сөз! Міне, философия!
ЖАНАЕВ. Ол бұл жиналысқа неге келді екен!
БАЙЖАНОВ. Сіз манадан бері кіммен сөйлесіп жүрсіз?
ЖАНАЕВ. Ә-ә, жай, қазіргі жиналыстың жайы ғой.
МАЛДЫБАЕВ. Ойпырмай, біз не істер екенбіз?
БАЙЖАНОВ. Не істегені қалай?
МАЛДЫБАЕВ. Ақырет жолына деп оларға қандай ақшадан жұмсасақ екен?
БАЙЖАНОВ (әзілге бұрып). Профсоюз бар ғой. (Олар күледі).
МАЛДЫБАЕВ. Әбсаттарды сіздер де білесіздер, «қоғамдық пікір» деген рубрикамен республикалық газеттерде қайта құру кезеңіндегі еңбекке жаңа көзқарас жайлы талай рет мақала жариялаған. Ең бастысы – ол біздің Саттаровтың ең жақын досы.
БАЙЖАНОВ. Сонымен, Саттаров па. Әбсаттаров па? Әбсаттаров болса — сол дей қояйық, ал, мына Саттаровты қайда қоямыз?
МАЛДЫБАЕВ. Бұл Саттаровты талқылай береміз.
КЕРЕЕВ. Біздің талқылап отырған Саттаровымыз қайда, не істейді екен өзі? Кереев отырғандарға қарайды. Олар иықтарын қозғайды.
БАЙЖАНОВ. Білсем неғыл деген екенсің.
КЕРЕЕВ. Сонда, талқылап отырған адамымыздың кім екенін білмейтін боп шықтық па? Мәссаған, безгелде-ек!
МАЛДЫБАЕВ. Менімше, ол да бір жерде мұғалім болуы керек.
БАЙЖАНОВ. (Жанаевқа қарап). Жалпы, тақылауды бүгін өткізу керек деген идея кімнен шықты осы?
ЖАНАЕВ. Білемін. Маған сіз айттыңыз.
БАЙЖАНОВ. Ал маған (Кереевке)… Сіз айттыңыз ғой деймін.
КЕРЕЕВ. Мен де өзім ойлап таппаған болармын. Газеттерге мақала шыққан соң шарасыз отыра беруге де болмас. Бір күні болмаса бір күні жоғары жақ. «не істедіңдер?» десе, «түк жасаған жоқпыз» деудің де реті жоқ қой. Инициатива өзімізден де болғаны дұрыс, оған дауым жоқ.
БАЙЖАНОВ. Бірақ, мына жиналысты не істейміз?
КЕРЕЕВ. Соны айтам. Тым асығыстық болған екен. Бір күн кешіге тұрғанда…
ЖАНАЕВ. Ертеңге қалдырсақ қайтеді?
КЕРЕЕВ. Жиналысты ма?!
ЖАНАЕВ. Иә. Бір тәулікке үзіліс жариялаймыз.
КЕРЕЕВ. Партия ұйымының секретары боп істегеніңізге қанша жыл?
ЖАНАЕВ. Бес жыл.
КЕРЕЕВ. Бір тәулік үзілістен кейін бұл қызметте істемеуіңіз де мүмкін ғой.
ЖАНАЕВ. Басқа қандай амал бар? Біз жиналысты бітірсек, Саттаровты қаралап қаулы шығарсақ, ертең жаңа секретарь бәрін бұзып жатса, бізде қандай бедел қалмақ сонда?
БАЙЖАНОВ. Секретарь біреу делік, ал бүтін бір аупартком бар емес пе? Олардың бәрі де біледі. Керек десең бізден хабар күтіп те отыр.
КЕРЕЕВ. Секретарьдың біреу екені біреу-ақ, бірақ, бірінші ғой. Мә-селе сонда емес пе?
МАЛДЫБАЕВ. Ал, принцип қайда? Манадан бері даурығып жатқан әділдік қайда қалады? Егер Саттаров біз айтып жатқандай шын мәнінде үлкен қателікке ұрынғаны рас болса, біз айтқан фактылар дәлелденсе, оны қай қоғам болса да ақтап ала алмайды ғой, ол үшін бізді ешкім жазғырмайды да. Мен солай деп ойлаймын.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28