Менің ойым дұрыс па? Кереев пен Байжанов жауаптан тайқып теріс айналады.
ЖАНАЕВ. Дұрыс қой! Айна қатесі жоқ!.. (Өз ойымен өзі боп кетіп) Айна қатесі жоқ!.. Сырттан асығыс басып Омарова кіреді.
ОМАРОВА. Бүгінгі «Известияны» көрдіңіздер ме?
МАЛДЫБАЕВ. (әлде де болса біреу-міреумен сөйлеспек боп телефон құлағын бұрай отырып) немене, тағы да Қазақстан жайлы жазып па?
ОМАРОВА. Иә!
МАЛДЫБАЕВ. Қазір қолыма газет ұстасам граната ұстағандай дірілдеймін.
БАЙЖАНОВ. Онда не бар екен?
ОМАРОВА. Біз талқылап жатқан Саттаровтың мақаласы басылыпты. Міне, оқыңыздар! Біздің аудан мен облыста кадр мәселесіне партиялық тұрғыдан қамқорлық жоқ депті. Оны редакция да қолдап отыр. Газетті бәрі бір-бір қарап шығады.
КЕРЕЕВ. Пленум. Секретарь. Саттаров. Бүгінгі газет. Бүгінгі жиналыс. Түсінсем бұйырмасын! Осы біз коллективті түрде түс көріп жатқан жоқпыз ба?
БАЙЖАНОВ. Өкінішке орай, өңіміз боп тұр ғой!
МАЛДЫБАЕВ. Онда мен быткомбинаттың бастығын шымшып көрейін. Ойбайласа өңіміз болғаны. (Омароваға тап береді).
ОМАРОВА. Жақындама, сайқымазақ! Қазір әзілдесетін кез бе екен?
МАЛДЫБАЕВ. Түсіміз емес, өңіміз боп шықты!
ОМАРОВА. Өй, сен де осы мінезіңмен бас зоотехник болғың келеді-ау.
МАЛДЫБАЕВ. Несі бар, мен жұрт сияқты ойымды жасырмаймын, бас зоотехник, одан әрі совхоз директоры болғым келеді.
ОМАРОВА. Бас қолбасшы болғың келмегеніне де құдайға шүкір.
МАЛДЫБАЕВ. Мен жасырмаймын, ал сіздер жасырасыздар. Сыртқа сыр шығармауды әбден меңгергенсіздер.
БАЙЖАНОВ. Малдыбаев! Бүгін сіз тым сөзшең боп кетіпсіз ғой. Омарова жанындағыларға бір қарап шығады.
ОМАРОВА. Сіздер тым көңілсізсіздер ғой. Тыныштық па?
БАЙЖАНОВ. Біздің ауданға жаңа секретарь сайланыпты.
ОМАРОВА. Құтты болсын, қуаныштымын! (Байжановқа жақындап) мына кісі болып па? (Кереевті ымдап көрсетеді).
БАЙЖАНОВ. Жоқ!
ОМАРОВА. Қалайша? Ол кісі обкомнан да өтіп қойды деп едіңіз ғой.
БАЙЖАНОВ. Түстегідей түсініксіз бір оқиға боп тұр.
ОМАРОВА. Енді кім бопты?
БАЙЖАНОВ. Саттаров.
ОМАРОВА. Саттаров?!
БАЙЖАНОВ. Немесе Әбсаттаров.
ОМАРОВА. Түсінсем бұйырмасын!
БАЙЖАНОВ. Біздің де түсініп отырғанымыз шамалы. Қалай болғанда да бұл жағдай маған ұнап тұрған жоқ. (Оларға Жанаев жақындайды).
ЖАНАЕВ (Омароваға). Сөзің жақсы шықты.
ОМАРОВА. Мекебаев әлгінде не деп көкіп кетті? Сөйлейтін сөзін жазып беріп едік қой.
ЖАНАЕВ. Әй, алжыған неме, шатастырып былтырғы сөзін оқып шықпасы бар ма? Не сөйлегенін өзі де түсінбеген болуы керек, үзіліске кетіп бара жатқанда ұялмай-қызармай. «сөзім қалай болды?» дейді. «Былтырғыдай болды» дедім ызаланып. Сөйтсем, «Ә, ол да жаман емес екен» дейді ыржалақтап.
ОМАРОВА. Өзіңіз ғой. «Мекебаев» сөйлесін деп қоймаған.
ЖАНАЕВ. Басқа адамның реті болмаса қайтесің. Өзгелерге сенім жоқ, бұл не болса да айт дегеніңді айтып шығады ғой. Әйтпесе, оның шешендігіне қызықты дейсің бе?
ОМАРОВА. Енді не болады?
БАЙЖАНОВ. Не болушы еді, көреміз.
ОМАРОВА. Мен де қорқайын дедім… Бұл жақсылықтың нышаны емес.
КЕРЕЕВ (сағатына қарап). Жолдастар, үзіліс тым ұзап кеткен жоқ па? Қалай болғанда да бір жағына шығуымыз керек қой.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28