ЖАНАЕВ. Өзіңіз айтыңыз. Сіз ауданнан келген жауапты адамсыз. Сіз не десеңіз сол болады.
КЕРЕЕВ. Сонан соң бәрін маған аударып сол өзіңіз құп-құрғақ боп шықпақсыз ғой.
ЖАНАЕВ (иығын қозғап). Сіз де сақтыққа көше бастадыңыз ба? Омарова терезеден қарайды.
ОМАРОВА. Оншақты адам осында келе жатыр. Олар мұнда кірмей тұрып шығып кетуіміз керек.
МАЛДЫБАЕВ. Бұл не, бунт па?
КЕРЕЕВ. Сіздер клубқа бара беріңіздер, мен ауданмен сөйлесіп алуға тиіспін.
БАЙЖАНОВ. Сізді жалғыз тастамай мен де қасыңызда қала тұрайын (Жанаевқа). Жиналысты ушықтырмай жалғастыра тұрыңыз, біз қазір барамыз.
ЖАНАЕВ (қыжырмен). Өзің ушықтырып бастаған жиналыс болса мен оны қалай бәсеңдетпекпін. Жұрттың дуылдасып қалғанын бағана көріп кеттіңіздер ғой.
БАЙЖАНОВ. Сіз — идеологсыз. Жұртпен тіл табыса білуге міндеттісіз. Барыңыз.
ЖАНАЕВ. Байқауымша, бұл бұйрық болуы керек.
БАЙЖАНОВ. Қаулап өтіп кеткен қайран намыс-ай, десеңші! Мен қандай раймен айтсам да сіздің анда баруыңыз керек (Омароваға) Сіз де. Олар шығып кетеді.
МАЛДЫБАЕВ. Мен ше?
БАЙЖАНОВ (оған біраз қарап тұрып). Сен… қабылдау бөлмесінде бола тұр. Аудан хабарласа қалса бізге айтарсың.
МАЛДЫБАЕВ. Жаман емес-ес! (Шығып бара жатып) Бас зоотехниктің міндетін атқарушыдан секретарь… ша ма, әлде секретардың өзі болам ба?
БАЙЖАНОВ. Не деген заржақ боп кеткенсің, Малдыбаев. Осы оқиғадан, байқауымша, ләззат алып жүрген болуың керек. Солай ма? Малдыбаев, терезе алдындағы фикусқа жақындайды. Оған қарап ойланып біраз тұрады.
МАЛДЫБАЕВ. Саттаровтан қалған жалғыз көз! Егер бүгін оны біржола қаралап шықсақ, мына фикусты бағып-қағып отырғаныңыз үшін кінәлі боп қалуыңыз да мүмкін-ау!
БАЙЖАНОВ. Мұнымен не айтқың кеп тұр, Малдыбаев? Малдыбаев ыңылдай әндетіп шығып кетеді.
КЕРЕЕВ. Менімше, бұл жігіт сізбен байланысуға ілік іздеп жүрген секілді.
БАЙЖАНОВ (күрсініп). Солай!.. Таңертең ғана басқаша еді! Мені енді өзінше ылдиға домалайды деп ойлаған болса керек. Сіздің көзіңізше менің адамым емес екенін сездіріп қалмақ қой.
КЕРЕЕВ. «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» деген, жағдайың жақсы кезде төңірегіндегінің бәрі түгел, бәрі жайсаң, аяғыңды сәл шалыс бассаң, қаптаған қалың досыңның селдіреп қалғанын көресің, тіпті кей-кезде, бірін де таппайсың.
БАЙЖАНОВ. Сізде ондай кез болып па еді?
КЕРЕЕВ. Мұндай жағдай әр адамның басынан талай рет өтеді. Ол үшін жауапты қызметте жүру міндет емес, тіпті, мектеп қабырғасында жүріп-ақ сезінуге болады.
БАЙЖАНОВ. Иә, солай, солай!.. Басыңа қандай күн туса да қасыңнан табылатын адамды іздеу де артық талап па деп қаламын. Сондай адамды іздей отырып өзімізге өзіміз. «сен соған лайықсың ба, өзгенің қасынан өзің табыла алар ма едің? » деп сауал тастамаймыз. Бұл өмірде бәрі бір-бірімен байланысты, заманына қарай амалы бар, түлкісіне лайық тазысы бар. Бір
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28