КЕРЕЕВ. Байжанов! Сендерге комиссия барады. Олармен жөндеп тіл табыс. Білесің ғой қалай екенін.
БАЙЖАНОВ. Түсінікті. Саттаров «Социалистік Қазақстандағы» мақаласында сізді іліп кетіпті ғой.
КЕРЕЕВ. Иә. Сөйтіп тағы «қуантып» отыр.
БАЙЖАНОВ. Тура айтпаса, да тұспалдап «Аудандағы шаруашылық жайы кейбір арнайы басшыларды толғандырмай отыр» депті. Шаруашылық мәселесі сіздің сала ғой. Менімше, ол да біреудің айтқанын орындап отыр. Сізді бірінші боп кете ме деген қауіппен алдын орап отырған саясаттары болуы керек. Қандай зымияндық десеңші! Сарсен Кереевич, бір председательге шамаларыңыз келмей-ақ қойды-ау осы!
КЕРЕЕВ (ұзақ пауза). Жарайды, Байжанов, қайрай берме. Біз де шарасыз қалмаспыз.
БАЙЖАНОВ. Әлгі өзіңізге айтқан ненің… хаттардың төрт-бесеуін жібергенбіз. Тағы да жазып жатыр.
КЕРЕЕВ. Дұрыс. Оны жан-жақтап мүжи беру керек, қашанға шейін шыдар екен. Келесі тоқсанда тағы бір комиссия жіберткізем. Сонан соң өздеріңдегі бір жиналыста жеңіл-желпі бір мәселесін қарап қоя салыңдар. Кейіннен үлкенін өткіземіз. Өзім қатысам. Сонан соң өзі де арыз жазып жайын табар.
* * *
Таңертеңгі уақыт. Ауыл шетіндегі Бике-Викторияның үйі. Бұл жасы 55-56-лардағы жалғыз әйел. Өмірдің көп қиындығын көрсе де сүйегіне біткен паңдық әлі жоғалмағаны көрініп тұр. Бөлме бірнеше минут бос тұрады. Сәлден соң Бике кіріп, үй ішін жинай бастайды. Келесі минутта терезе жақ қапталда өсіп тұрған фикус жапырақтарын сүртіп, сарғая бастаған кейбіреулерін ұстап көріп, басын шайқайды да, стол үстінде тұрған графинді алып сыртқа шығады. Бөлмеде тағы тыныштық. Осы кезде сыртқы есік жайлап ашылып, басында шляпа, үстінде плащы бар, жасы Бикемен қатар ер кісі ішке енеді. Табалдырықты аттаған бетте жан-жағына біраз қарап тұрады да, төр жаққа өтеді. Столға кеп отырып, әлденеге жымия күледі. Сонан соң стол үстіндегі өзінің суретіне қарап үнсіз қалады. Осы сәтте графинмен су алып кірген Бике ер кісіні байқамай фикустаға су құя бастайды.
САТТАРОВ. Сәлеметсыз ба, мадам Баттерфляй? Бике ер кісі жаққа жалт қарайды да, «құдайым-ау!» деп теңселіп жүрегін ұстап тұрып қалады. Саттаров жүгіріп кеп, оны орындыққа жайғастырады. — Япыр-ау, сіз соншалықты қорқатындай мен қатты айғайлаған жоқ едім ғой.
БИКЕ. Жаратқан-ау!.. Сіз… сіз… Айтуарсыз ба? Аспаннан түстіңіз бе, қайдан жүрсіз?
САТТАРОВ. Аспаннан, аспаннан! Мен байғұс аспаннан түспегенде басқа қайдан түспекпін!.. Сен әлі өзгермепсің, Бике! Қайта, менен құтылған соң жасара түскенсің бе, қалай өзі? (оны барлап қарап шығады).
БИКЕ. Ту-у, қайдағыны айтпаңызшы! Сізден құтылған соң дейтіндей сіз кімге жамандық жасапсыз? (пауза) Сіз… бүгінгі жиналысқа келдіңіз ғой ә?
САТТАРОВ. Иә… Шақырыпсыздар ғой…
БИКЕ. Кеше әйелдерден естіп қалып едім… Бұрынғы бастық келеді екен, жеке мәселесі қаралады екен деп жұрт гу-гу етеді. Құдай-ай, жақсы бітсе екен бәрі де!.. Нансаңыз бар ғой, бүгін түнде сіз жайлы түс көрдім. Дәлірек айтсам,
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28