данышпанңың сөзі есімде қапты. «Әр халықтың өзіне лайық патшасы, әр патшаның өзіне лайық халқы» бар деген. Бәріміз де осы ұғымның ішінде харекет етеміз. Мен де, сіз де, басқалар да. Бірақ әр кім өз саясатын өзінше жүзеге асыра біледі. Бұл сапарда біреудің жолы болады, біреудің жолы болмайды, айырмашылығы осында ғана.
КЕРЕЕВ (оған ұзақ қарап тұрып). Сіз… осындай оймен мен білетін іске қалай барып жүрсіз? Тірлігіңіз бен тегіңіз екеуі екі бөлек қой.
БАЙЖАНОВ. Менің бір досым «Адам адам боп жаралғалы жеті мың данышпан бопты, ол мен есебін тауып соның бір де біреуін оқыған жоқпын», — дейді. Сол сияқты, әлгі ол жеті мың данышпанды мен де оқыған жоқпын, сіз де оқымаған боларсыз деп сенемін. Кереев ыңғайсызданып басын шұлғиды. — Дұрыс жасағансыз. Ол жеті мың данышпанды оқымағандығыңыз күнделікті тұрмыста, қызмет бабында сезілмейді ғой? Сезілмейді. Өйткені, сіз екеумізден талап етілетін нәрсе басқа.
КЕРЕЕВ. Мен сізді мүлде танымай отырмын!
БАЙЖАНОВ. Адам деген –құпия. Ол күн сайын өзгереді, оның бір қалыпты тұруы мүмкін емес. Бүгін жақсы көрген нәрсені ертең жек көргенім үшін мені кінәлауға болмайды. Кісі өлтіріп келе жатқан адам қайырымға садақа береді, немесе жолындағы құмырсқадан аттап өте алады.
КЕРЕЕВ (ызаға булығып). Тоқтатыңыз, пәлсапа соғуды, жолдас председатель! Дәл сіз сияқты мен де көкте шарықтап ой айта аламын. Бірақ, бізді жер жібермейді, жердегі тіршілік жібермейді. Білесіз бе, адам топырақтан да, маймылдан да емес құстан жаралған. Қазақтар оны Арманда деп атайды. Кәдімгі арман құшағында жүру деген сөз. Міне сол Арманда деген құс өмір бақи аспанда өмір сүріпті. ұша берген, ұша берген, ұша берген. Жерге бір қону –оның өмір бақи арманы болыпты. Құдайдан мың-миллион рет жалынып, жерге қонуды өтініпті. Ақыры ол дегеніне жетіп, Қазықұрт тауының басына қоныпты дейді. Содан ол қайтадан ұша алмай қалған көрінеді. Енді оның арманы қайтадан көкке көтерілу екен. Міне, біз қаншама шарықтап көкке көтерілсек те жердегі тіршілікке қайтып ораламыз. Сіз де жерге түсіңіз.
БАЙЖАНОВ. Ал, түстік.
КЕРЕЕВ. Енді ойланыңыз.
БАЙЖАНОВ. Несін ойланамыз? Сіз өтпей қалдыңыз, мен сіздің орныңызға жетпей қалдым, соған орай, менің орныма болам деп жүрген адамдардың да, тағы сол сияқты талай тізбектердің реті келмеді.
КЕРЕЕВ. Іс осымен бітеді деп ойлайсыз ба?
БАЙЖАНОВ. Амал қанша, көптеген орны жоқ дүниені Саттаровқа ысырмақ едік, реті келмейтін сияқты.
КЕРЕЕВ. Жаздың күні тұрған керімсалдық қыс кезінде боран боп қайта оралатынын да білмейтін болдыңыз-ау. Саттаровтың орнына директор болам деп оның соңына түсіп, талай анонимка жазғаныңыз, қорлық көріп жүрген адам боп менің ол жөніндегі бұрынғы жақсы пікірімді өзгерткізгеніңіз, сөйтіп, оны жан-жақтан түртпектеп жүріп шаршатып, істеген ісінің берекесін кетіріп, ақырында арыз жазып
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28