бір нәрсені ескерте кеткім келеді. Саттаров арамызда жаманды-жақсылы сегіз жыл істеді. Сегіз жыл бойы қателікпен, бұрмалаушылықпен, сыбайластықпен айналыспаған шығар. Сын болған жақсы, бірақ, оны сәл жұмсартып, жақсы жақтарды да айта отырыңыздар (Саттаровқа бас изеп қояды). Ортаға жұлқынып Тұрмабай шығады.
ЖАНАЕВ. Кайда, қайда? Сізге сөз берілген жоқ қой! Осы кезде президиумға Кереев пен Байжанов көтеріледі.
БАЙЖАНОВ. Кешіккенімізге кешірім өтінеміз! Жұмыс бабы ғой (Кереевке) отырыңыз. Олар орындыққа жайғасады.
ТҰРМАБАЙ. Жолдастар! Мен көп сөйлейтін шешен емеспін. Бірақ аққа қара жағылып, ойлы азамат, іскер азамат, ары таза азамат нақақтан-нақақ күйіп бара жатқанда қалай сөйлемессің! Дәл осындай әдіспен, көпшіліктің қолымен бұдан да бұрын көп адамның түбіне жеткен жоқпыз ба? Неге сол таңдайымызға тимейді. Көпшілік дейсіздер, сол көпшілік деген кім? Қалай айдасаң солай қарай жүре беретін тобыр емес пе? Шуылдамаңыздар, сол тобырдың ішінде мен де бармын? Кейде мың адам жиылып бір адамның алдында дәрменсіз болатын кезіміз бар ма? Бар! Бүгінгі шығып сөйлеушілердің сөзін тыңдап отырып жердің жарығы болса кіріп-ақ кетуге бел байлап отырдым. Мен олардың сөзінің маған ұнамағандығынан немесе бұрынғы директорды қатты сынға алғандығымен емес, олардың принципсіздігінен ұялдым. Омарова, Елемесов, Мекебаев, Орманов тағы тағылар және сондай тағы басқалар! Күні кешеге дейін бәрің де Саттаров дегенде ішкен астарыңды жерге қойып, оған кір жуытпаушы едіңдер ғой. Оны сынау былай тұрсын, жөндеп мақтай алмадық деп бір-біріңмен ұрысатын дәл осы сендер емес пе едіңдер? Сынағыш болсаңдар бұдан екі жыл бұрын, бұдан бес жыл бұрын қайда қалдыңдар? Мен оны жақтайын, оны қорғайын деп отырған жоқпын, мәселе оны қорғауда да емес, мәселе мына бізде, (жүрегін көрсетіп) мына жерде емес пе, жолдастар-ау! Оны әлгі аталған жолдастар жарысып мақтап жатқанда, керісінше, мен едім ғой оны екі рет сынаған. Парасатты басшы орынды сынды әрқашан көтере біледі, тулап шыға келетіндер саяздар ғана. Ал, бүгінгі бастық періште ме? Оның қателігі жоқ па? Батыл екенсіздер, принципшіл екенсіздер сынаңыздар, кезінде айтыңыздар! Жоқ, айта алмайсыздар! Ал, ертең Байжанов қызметтен түссінші, тағы тұс-тұстан жамандап шыға келмексіңдер! «Құлан құдыққа құласа құлағына құрбақа ойнайды!» Басшы орнынан түскеннен кейін барып шулағанды қашан қоямыз? Байқап тұрсаңдар, бұл әдіс те әбден жауыр болған, жолдастар! Ақылды басшы мың жерден жағымпазданғанымен кімнің дос, кімнің қас екенін өзі іштей сезіп отырады. (Баяу үнге көшіп) Мен әлгінде жиналыстың бірінші бөлімінде мүлде басқа нәрсе жайлы айтқым келіп еді, одан кейінгі кейбір топшылауларым мені ол сөзімнен айнуға мәжбүр етті. Мен ол жайлы Жанаев пен Байжанов жолдастардың өзіне оңаша айтуды жөн көрдім. Мәселе, Саттаровтың сейфінен табылған ақша туралы еді. Жанаев селт ете түседі. Тұрмабай оған назар аударады да сөзін жалғастыра береді. — Жанаев жолдас түсінді ғой деймін.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28