АРАЛДАҒЫ АДАМДАР

Ақша сейфке біреулер арқылы салынғанын айтсам да жеткілікті шығар. Ақшаны сейфке өз қолымен салған адам қаладағы автовокзалда арақ ішіп төбелес шығарды деген айыппен қазір аудандық милицияда жатыр. Ол мені осында әдейі жіберді. Қалған егжей-тегжейін кейін білерсіздер. Жұрт гулей бастайды. Мен Саттаров жолдасты коммунистік партияның ең адал да сенімді мүшесі деп есептеймін! Жұрт қол шапалақтайды. Жанаевтың дегбірі кете бастайды.

ЖАНАЕВ (өзіне-өзі). Мұны кім шақырды? Бұл қалаға қашан барып жүр? Енді мұның не ойлағаны бар. Алдын алу керек, алдын! Бірақ, қалай? Саттаровтан тілдей қағаз келеді. Жанаев Байжановқа. Саттаров бес минутқа сыртқа сұранады, барсын ба?

БАЙЖАНОВ. Кереевке сыбырлайды.

КЕРЕЕВ. Барсын. Бәлкім, жүрегі қысылып отырған шығар. Жанаевқа айт, жарыссөз доғарылып, қаулының жобасы оқылсын. Жанаев Саттаровқа «барыңыз, рұқсат» деп бас изейді. Саттаров шығып кетеді.

ЖАНАЕВ (Байжановқа.) Қаулының жобасын кімге оқытамыз?

БАЙЖАНОВ. Соны әлі ойластырған жоқсың ба?

ЖАНАЕВ. Малдыбаев қайда құрып кетті?

БАЙЖАНОВ. Малдыбаевтан басқа адам құрып қалды ма? Оқыта сал біреуіне, қаулының жобасын бұрмалай алмайтын шығар. (Кереевке) Жобамен сіз таныстыңыз ғой?

КЕРЕЕВ. Иә. Оқи беруге болады. Тездетіңдер. Байжанов Жанаевқа күбірлейді. Жанаев орнынан тұрады.

ЖАНАЕВ. Жолдастар манадан бері он бір адам сөйледі. Жарыссөз тоқтатылсын деген ұсыныс түсті. Кімде қандай пікір бар?

ТАЛИПОВА. Жолдас председатель, сұрақ қоюға бола ма?

ЖАНАЕВ. Сұраңыз.

ТАЛИПОВА. Менің Омароваға қоятын сұрағым бар еді. Сұрақ емес-ау, өтініш.

ОМАРОВА. Мен дайынмын.

ТАЛИПОВА. Саттаровтың белгісіз бір әйелдерге жазған хатымен танысып шығуға бола ма?

ОМАРОВА. Тура қазір ме?

ТАЛИПОВА. Иә, тура қазір. Жеке адамның құпия хаттарымен қожайынның өзі жоқ кезде танысқанымыз ыңғайлы ғой деймін. Омарова сумкасынан бір буда қағаз алып, Талиповаға әкеп береді де, қыр көрсеткендей тәкаппарлана басып барып орнына отырады. Талипова хаттарға ұзақ қарайды.

ТАЙМАН. Оу, осылай отыра береміз бе? Дауыстап оқысаңшы, біз де тыңдайық. Талипова толқып орнынан тұрады.

ТАЛИПОВА. Жолдас… жолдастар-ау!.. Мынау деген масқара ғой!

ДАУЫСТАР. Не боп қалды тағы да?

ТАЛИПОВА. «Таңғажайып бұл қалай хат? Мағынасы алыс, сөзі жат…» Татьянаның Онегинге жазған хаты ғой. Атақты Абай аудармасы. Ары қарай… «Сенің кірсіз ақ төсіңе, шыбын қонса қызғанамын!» Қандай ғажап жолдар! Ешқашан өлмейтін «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасынан Мәжнүннің Ләйліге хаты! «Иығымда сіздің шаш. Сізде сымбат, бізде ықылас. Тар төсекте төсіңді, иіскер ме едім жалаңаш». Абай өлеңдері. «Ажарың ашық екен атқан таңдай, нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай. Анаңнан сізді тапқан айналайын, күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай». Бибігүл Төлегенованың қайталанбас орындауында айтылатын үкілі Ыбырайдың әні «Гауһартас». (Ол орамалын алып, мұрнын ғамал етеді). Кешіріңіздер, сәл толқып кеттім. Өлең сөздің маржандары кісі жүрегін шымырлатпай қоя ма! Біздің мынау отырысымыз, мынадай жолдар… Қандай кереғар дүние!

ОМАРОВА. Бәсе, Саттаров қайдан ақын бола қалды деп едім-ау, өткен-кеткен ақындардан ұятына қарамай ұрлап сүйіктілеріне жібермек болған екен ғой.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28