АРАЛДАҒЫ АДАМДАР

ТАЛИПОВА. Олай деп ойласаңыз өз ұятыңыз білсін! Ал мына хаттар, тағы да белгілі романдар мен повестерден алынған үзінділер. Оны оқудың қажеті болмас, солай ма?

ДАУЫСТАР. — Қажеті жоқ, түсінікті болды! — Япыр-ай, бұл не деген сұмдық!

ТАЛИПОВА. Сұмдық өз алдына, мені түңілдіріп тұрған нәрсе мүлдем басқа, жолдастар! Саттаровқа күйе жағылар, немесе ақталып шығар, бір адамға тіреліп тұрған ештеңе жоқ, бірақ дүниенің тұтқасын ұстағандай шіреніп жүрген интеллигенциямыздың рухани сауатсыздығы, өз халқының әдебиетінен мүлде бейхабарлығы жаныңды жасытпай қайтеді. Осындай… осындай адамдар да… партбюроға мүше боп жүр-ау! Мен… болдым… Кешіріңіздер! Талипова сөзінің соңын әрең айтып орнына отырады.

ТҰРМАБАЙ. Сіздерді қайдам, менің Саттаровқа жаным ашып отыр.

ТАЛИПОВА. Неге?

ТҰРМАБАЙ. Жауының бәрі тым әлсіз екен.

ТАЛИПОВА. Жо-оқ, бұларды әлсіз десеңіз қателесесіз. Өйткені бұлар тек Саттаровтың ғана емес, бүкіл мәдениеттің жауы… Ол тағы толқып, даусы дірілдеп кетеді.

ОМАРОВА. Әдебиетті білмегендігі үшін ешкімді ешкім жазғырмайды, сондықтан мен одан қысылмаймын. Ол президиумда отырып жылағаннан ерсі емес шығар. Мұндайды көрсем көзім желкемнен шықсын!

БАЙЖАНОВ. Оу, Саттаров қайда жүр?

ЖАНАЕВ. (сағатына қарап) Бес емес, он минут болды, әлі жоқ.

КЕРЕЕВ. Басыну ғой бұл! Бұдан артық басыну болмас!

ЖАНАЕВ (Талиповаға). Протоколға түсіріп қойыңыз!

ТҰРСЫНОВ (Кереевке қарап). Бізді сыйламаса да сізді сыйлауы керек еді ғой. Осыдан-ақ оның кім екені көрініп тұрған жоқ па?

ТАЛИПОВА. Бәлкім, ол бір жерде құлап қалған шығар.

БАЙЖАНОВ (Тұрсыновқа). Сіз қарап келіңізші. Шынымен бірнәрсеге ұрынып бәлесіне қап жүрерміз. Тұрсынов шығып кетеді. Жұрт абыр-сабыр боп, гуілдесе бастайды. Осындай аласапыран кезді пайдаланып Жанаев Омарованы шеткері алып шығады.

ЖАНАЕВ. Әлгінде Есеновтің сөзін естідің ғой?

ОМАРОВА. Сонда не демексің?

ЖАНАЕВ. Істің алдын алу керек.

ОМАРОВА. Қалай?

ЖАНАЕВ. Есеновпен сөйлесетін адам табыңдар. Бүгіннен қалдырмай.

ОМАРОВА. Сонда оған не дейміз?

ЖАНАЕВ. Сұрағанын беру керек. Тек аузына сақ боп, енді су тезектей бықсымайтын болсын.

ОМАРОВА. Байжанов біле ме?

ЖАНАЕВ. Бұл Байжановтан шыққан сөз. Жиналыстан соң Есенов тұратын бөлімшеге баратын бол. Оны машинамен ала кетесің де, жол-жөнекей сөйлесесіңдер. Тек аса сақ болғайсыңдар, қызып тұрған кезінде шарт кетпесін.

ОМАРОВА. Көрейік… Бірақ, одан ештеңе шыға қоймайды-ау!.. Тұрсынов кіреді.

ТҰРСЫНОВ. Саттаров бұл маңайда жоқ!

КЕРЕЕВ. Не дейді? Сонда қайда кетпек?

БАЙЖАНОВ. Жиналысты да ойламай қалаған жағына кете бергені ме?

ОМАРОВА. Мадам Баттерфляйының үйіне кеткен шығар!..

ТҰРСЫНОВ. Партжиналыстың кезінде ме?

КЕРЕЕВ. Бұл ғажап-ап! Бастан кешіріп отырған оқиғамыз біздің ғасырда ең бірінші және соңғы рет шығар!..

БАЙЖАНОВ (Тұрсыновқа). Хабарласып көріңдерші. Кім еді әлгі… Баттерфляйдың үйіне.

ЖАНАЕВ. Айтпақшы, ол бағана жиналыста отыр еді ғой.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28