ТАЛИПОВА. Өзі туралы айтыла бастағанда жылап кетіп қалған.
ЖАНАЕВ. Япырмай, енді қайтеміз, біреуіміз барып келеміз бе?
БАЙЖАНОВ. Бүкіл совхозды дүрліктірген күн болды-ау мынау. Барып жүресіңдер ме, телефон соғып көрсеңдерші.
ТҰРСЫНОВ. Оның үйінде телефон жоқ.
БАЙЖАНОВ. Маңында телефоны бар кім тұрушы еді?
ТАЛИПОВА. Менің үйім жақын. Қазір, мен үймен хабарласып көрейін. (Ол бұрыштағы қосымша телефонға барады. Тез-тез үш цифрды тереді). — Алло! Алмуша! Ана Бике апайдың үйінде кім бар екен барып біліп келе қойшы, тез! Ешкім жоқ? Қайда кеткен? Немене? Қашан? Бір сағат бұрын? Біржола көшіп кетті? Саған дәл солай деп айтты ма? Жылап қоштасты? Кімнің машинасымен? Айтпады ма қайда кеткенін! Неме-не? Фику… а, фикустарын саған сыйлап кетті ме? Жақсы, жақсы. Жарайды, қапаланба!.. Талипова үдірейіп отырған президиум мүшелеріне жақындайды. — Бике апай бір сағат бұрын көшіп кетіпті…
БАЙЖАНОВ. Қайда?
ТАЛИПОВА. Белгісіз жаққа!.. Белгісіз бір машина келіпті, ол отырыпты да жүре беріпті. Жылап кетті дейді. Бәрі үнсіз.
ОМАРОВА. Кетпесе қарасы батсын! Саттаровтың түбіне жеткен сол! (Есіне кенет әлдене түсіп) Айтпақшы, ол екеуі бірге кеткен шығар!..
БАЙЖАНОВ. Бәлкім. Өз басым роддомға бүгін еркектер де түсіп жатыр екен десе, оған түк те таңқалмаймын.
КЕРЕЕВ. Жиналыс өтіп жатады, жұрт емін-еркін кіріп-шығып жатады, ал кейбіреулер жиналыс үстінде көшіп кетіп те жатады! Бұл күнді мен о, дүниеде де ұмытпайтын шығармын, сірә!
ТҰРСЫНОВ. Сонда ол дүниелеріне де қарамағаны ма?
ТАЛИПОВА. Дүние дейтіндей не бар еді онда. Қызы тұрмысқа шығып, баласы авариядан қайтыс болған соң, ештеңе де жинамады ғой. Көп ұзамай бір жерден хабары шығар.
КЕРЕЕВ. Бірақ ол ертең ғой. Бізге бүгін керек, бүгін… Залда қобалжу басталады.
ТАЙМАН. Ау, жиналыстарың не боп кетті бұл?
ЖАНАЕВ. Ақсақал, көріп отырған жоқсыз ба, талқылап отырған адамымыз қашып кетті.
ДАУЫСТАР. – Не дейді құдай-ау!.. — Қашып кеткені несі?.. — Енді осылай шуылдап отыра береміз бе? Залға бейтаныс жігіт асығыс кіріп келеді.
БЕЙТАНЫС. Жоқ, ол қашып кеткен жоқ, керісінше, мен қашып келдім! Аудандық милициядан. Бір қылмыс екінші қылмысқа итермелейді. Маған жабылған жаланы дәлелдеу үшін бір күн жетпейтін болды. Сонан соң қашып шығып, заңды өрескел бұзуға мәжбүр болдым. Олай етпеске амалым қалмады. Бірақ, мен жаңа аудандық милицияға қайда қашып кеткенімді айтып телеграмма соқтым. Мен — көрші совхоздағы жай жұмысшымын. Өмірде жолым болыңқырамай, біраз қиындықтар көріп жүргенім рас еді. Сол кезде (Жанаевқа қарап) осы кісіні кезіктірдім. Бұрыннан білетінмін, көріп жүргем. Сыйлайтынмын да. Ашығын айтайын, өздеріңізге белгілі қаулыға дейін болатын, ащы судан ұрттаңқырап жүрген кезім еді. Кешкілік дүкеннің алдында әндетіп жүргем. Қасымда жолдасым бар. Есенов деген, қазір сіздерде істейді. Ол мені үйге алып кетуге келген. Мен оған
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28