бұрын болып көрмеген жарты ғасырлық бейбіт заманда ел тұрмысын қайтсем жақсартам деп тыным таппай тырбанғанымда шығар. Баршаға шамам жетпес, бір ауылдан бастап көрейін, өзгелер үлгі алар деп едім. Осы ойдың құшағында жиырма бес жыл өмір сүріппін. Жиырма бес жыл бойы осы ниетім үшін күресіп, жиырма бес жыл бойы жиналыстарда талқыланып келеді екем. Мен шаршадым. Осы жолда қателескен де шығармын. Үлкен ғимарат салынып жатқанда оның бір кірпіші жарық екен деп бар еңбекке күйе жағу әділет пе? Ауылдастарымның мен туралы, менің өзім білмейтін қателіктерім мен қылмыстарымды күйіне айтқандарына бір жағынан қуаныштымын. Бұл да уақыт талабы. Бірақ, келесі жолы олардың әділ болғанын ғана қалар едім. Ал, Бикені босқа жазғырмаңыздар. Ол үлкен достықтың адамы, оны мен қашан болмасын, қандай жағдайда болмасын қасымнан алыстатпаймын. Егер жиналыстың аяғына шейін болсам, бүкіл тіршілігім мен сіздерге деген ақ ниетіме қара сызық түскелі тұр, сондықтан, сіздермен қоштасудың осындай түрін ойлап таптым. Бар өкінішім — ойлаған ойларымның оннан бір бөлігін де жүзеге асыра алмағаным болды. Қиын екен, мүмкін емес екен. Айтыспен, тартыспен өткен осы жиырма бес жыл ішінде талай кабинеттерде болдым, оларға керегі алып ұшқан ақыл иесі емес, аяғын аңдып қана басатын, өзінің емес, өзгенің ойымен ғана тіршілік ететін бұрандалы адамдар екен. Сіздерден өтінерім — қазіргідей үлкен өзгеріс кезінде өздеріңізді алға жетелейтін лайықты жетекшіні таңдай біліңіздер, қарғалар– бұлбұл, мәстектер– тұлпар, түлкілер –арыстан боп кетіп жүрмесін. Өз қателігіміз бен кемшіліктерімізді мойындау үшін, бізде бір орын толмас олқылықтар бола алатынын ашық айту үшін бізге жиырма жеті съезд керек болды, 70 жылдық жаңа өмір қажет болды. Бәріміз өсірген бәйтерек кесел атаулыдан арылып келеді. Енді оған құрт түспеуін бәріңіз қадағалаңыздар. Бәріңіз, бәріңіз, бәріңіз!» Кереев, Байжанов, Жанаев, Малдыбаев және Тұрсынов үрейден бір уыс боп алақандай жерде сығылысып тұр. Талипова олардан оқшаулау, залға жақындау жерде қимылсыз қалған. Ол бұл оқиғаларды іштей қуана қарсы алатын сияқты. Ал, Кереевтер тобы залға, яғни, ертеңгі қүнге мүлдем сенімсіз. Ертеңгі күн оларға апат әкеле жатқандай.
МАЛДЫБАЕВ. Біз… біз елсіз аралда қалған сияқтымыз. Жан-жағымыздан су қаптап келеді, жолдастар (үрейлі дауыспен)\ Иә су қаптап келеді, су! (Кейін шегініп). Қаптап келеді!.. Қаптап келеді, қазір бұл аралды су басады!.. Жо-жоқ! Мен бұлардың ішінде емеспін, мен бұларға қосылмаймын! Жоқ! Жоқ! Халық сахнаға жақындай береді. Фонограммадан теңіз толқынының дауылды гулі естіліп, күшейе түседі.
Соңы
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28