АРАЛДАҒЫ АДАМДАР

сіздің өзіңізді емес, даусыңызды. Иә… Иә, даусыңызды! Өзіңіз көрінбейсіз, даусыңыз ғана естіледі. Әлдене деп айғайлап жүрсіз, айғайлап жүрсіз.

САТТАРОВ. Қызық екен…

БИКЕ. Мен жан-жағыма алаңдап қараймын кеп, қараймын кеп, бірақ сізді таба алмаймын. Ал даусыңыз анық естіліп тұр. Дауыс шыққан жаққа бұрылып жүре берем, жүре берем. Мен жақындаған сайын сіз де алыстай бересіз. Даусы естілгені несі, өзі неге көрінбейді деп таңқалып қоям. Сөйтсем сіз қырдың ар жағында екенсіз-ау деймін. Мен сізге, сіз маған көрінбейсіз. «Айтуар. Айтуар!» деп айғайлаймын да. «Мен ол кісіні Айтуар Сариевич деуші едім ғой, баттитып атын атап қойдым-ау деп қысылып келем. Ал, сіз болсаңыз. «Айтуар деп атай беріңіз. Қазақтар әкесінің атымен атамайды, әкенің атын атау ұят боп саналатынын әлі білмейсіз бе? Мен енді Айтуар Сариевич емес, Айтуар ғанамын», деп айғайлайсыз. Сізге жауап берейін десем, үнім шықпайды. Әрі бұлқынам, бері бұлқынам, үнім шығар емес. Сіз болсаңыз мен іздеп. «Мадам Баттерфляй» деп өршелене дауыстап келесіз. Ал мен болсам. «Мен ешқандай мадам да емеспін. Баттерфляй да емеспін. Мен қарапайым орыс қызы Виктория Васильевнамын. Вика! Тек қазақтар мені Бике деп атап кеткен!», — дейін десем тағы да даусым шықпай булыға берем. Сөйтіп жатып оянып кетіппін. Жастығыма тұншығып, қара су боп терлеп жатыр екенмін!.. Сол кезде оянғаныма әрі өкіндім, әрі қуандым… Міне, енді сізді көріп тұрмын! Амансыз ба, Айтуар Сариевич-ау! Жұбайыңыздың, балаларыңыздың денсаулықтары қалай? Біз жаққа айдап келген қай тағдыр?

САТТАРОВ. Адамның басы — Алланың добы. Тағдыр — жел, адам — қаңбақ. Жел айдады, біз де осылай қарай домалай жөнелдік емес пе… Өзіңіз қалайсыз?

БИКЕ. Қалай дерің бар ма, ел қатарлы жүріп жатырмыз. Жұмыс көп. Сіздің орныңызға Байжанов келген, келе салып апшымызды қуырып барады. Жұмыс, жұмыс, тағы да жұмыс!

САТТАРОВ. Сіздің де жұмысыңыз қауырт па?

БИКЕ. Айтпаңыз!

САТТАРОВ. Ал, мына фикустар сіздің үйден қалай шықты?

БИКЕ. О-о, ол бір қызық жай! Байжанов сіздің кабинетке көшкен күні ертесіне мені шақырып алды да. «мен ботаникалық бауда отырғам жоқпын, мен жұмыста отырмын. Далаға шығарып тастаңыз!» деп әмір етпесі бар ма! Мен айттым. «Бұлардың жұмысқа зияны жоқ, қайта бөлменің кислородын көбейтіп, адамның еңбек қабілетін арттырады» деп кітаптан оқығанымды айтып келе жатыр едім. «Сіздің фикустарыңызсыз-ақ кислородқа мас боп жүрміз. Менің еңбек қабілетім онсыз да жаман емес, бұйрықты орындаңыз!» деп дүрсе кеп қоя берді. Сонан соң мен оны парторгтың кабинетіне апарайын. Есіңізде ме, баяғыда ол фикустарға қызығып, біреуін беруіңізді сұрап жүруші еді ғой. Қуанып қалатын болды деп екі фикусты әрең дегенде көтеріп оның кабинетіне кіргізсем, «мұныңыз не, мен паркте жүрген жоқпын, жұмыста отырмын, аулақ алып кетіңіз!» деп шалқасынан түскені.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28