Сонан соң агрономның кабинетіне апардым. «Жұмыс орнында жұмысқа лайық атмосфера болуы керек» деп ол да бәлсіне қапты. Сонан соң ызаландым да оларды үйге әкеп қойдым.
САТТАРОВ. Оныңыз жақсы болған екен.
БИКЕ. Жақсы болуын жақсы болды-ау, бірақ кейіннен ол бәле боп жабысты.
САТТАРОВ. Қалайша?
БИКЕ. Қалайша деріңіз бар ма? Үстімнен арыз жазыпты. «Бике Васильевна Егорова (менің атымның Виктория екенін ұмытып та кетіпті) қызмет бабын пайдаланып, колхоз меншігі боп табылатын кеңсе жабдықтарын үйіне тасиды. Сынып қалды дегенді сылтауратып, кеңседегі орындықтарды да алып кетеді. Жеті-сегіз жылдан бері кеңсенің көркі боп келген биік-биік фикус деген өсімдікке шейін Егорованың сұғанақ қолынан тыс қалған жоқ»… Міне, осылай кете береді! (Күледі).
САТТАРОВ. (күлкісін тыйып) Иә, сондай «адал» адамдар болмаса әлдеқашан арам өлер едік-ау!..
БИКЕ. Япыр-ай, не болар екен!.. Сізді жиналысқа шақыртыпты деген хабарды естіген сәттен бастап жүрегім бір тыныш тапқан емес…
САТТАРОВ. Ә-ә, сіз әлгі әңгімеге ауысқан екенсіз ғой. Солай, солай… (Фикусқа жақындайды). Сөйтіп, кеңседе бір-ақ фикус қалды дейсіз,ә?
БИКЕ. Иә. Оның өзін де әрең қалдырды. Қалдырмайтын да еді, жәшіктің астындағы еденнің тақтайы сынып тұр екен, соны жасыру үшін қалдырды. (пауза) Япырмай, Айтуар Сариевич! Сізді көрем деген кімнің ойында бар! (Толқып). Сенсеңіз бар ғой, ойымнан ешқашан шыққан емессіз. Сіз отырған кабинетке енген сайын өзімді туған үйіме келгендей сезінемін; асып-сасқан анам байғұс қуанышын бір бойына сыйдыра алмай, жаңа ғана көрші үйге жүгіріп кеткен секілді, жүрегіме біртүрлі жылу үймелеп, көңілім жадырап сала береді. Төр жақта сіз отырушы едіңіз. Сол сәт көзіме әлі ап-анық елестейді. Адам аяғы саябырсып, абыр-сабыр басылған кезде мен сізге шай әкеп беруші ем. Кейде сіз азаннан қара кешке дейін дым сызбай, кабинетке қас қарайғанда, немесе ел жата келуші едіңіз. Сіз келгенше мен үйге қайтпайтын едім. Сізге жаным ашитын, қолымнан келсе жарты жұмысыңызды бөліп алып, мойныңыздағы ауыртпалықты қақ бөліскім кеп тұрушы еді. «Ауырып қалар ма екен, не ұйқы жоқ, не күлкі жоқ, жұмыс деген бар болғыр бұдан мың жыл бұрын да бітпеген, мың жыл кейін де бітпейді. Мың жыл бұрын да тамақ, киім деп зыр жүгіргенбіз. Әлі жүгіріп келеміз, мың жылдан соң да жүгіретін түріміз бар. Тезірек қайтса екен» деп жолыңызды сарыла тосатынмын. Кейде ауданнан келген бастықтар. «ананы өйтпедің, мынаны бүйтпедің, жұмыстың көзін білу керек, жердің тілін түсіне білу керек!» деп ақылсынғанда өй жыным ұстаушы еді-ау! (күледі). Есіңізде ме, сондай бір сәтте сіз мені шақырып алып. «Виктория Васильевна, бізге екі кесе шай әкеп беріңізші» дегеніңіз!
САТТАРОВ. Өй. Бике-ау, баланың қай жылағаны есте қалады дейсің! Қолыңнан ішкен шайдың есебі жоқ қой. Таңдайымда тек дәмі ғана қалыпты (ол да күледі).
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28