АРАЛДАҒЫ АДАМДАР

БИКЕ. Бұрын кім отырса да «Бике» дейтінсіз. Ана бастықтың сөзінен есік сыртында жыным ұстап әзер тұрсам, сіз кеп. «Виктория Васильевна» дей қапсыз. Сізге де ызаланып. «шай жоқ!» дедім жұлып алғандай. Сіз маңдайыңызды әлденеге соғып алғандай, кеудеңізді оқыс көтеріп. «Неге?» дедіңіз. Мен айттым. «Сол, шай жоқ! Жұмыс кезінде шай ішуге райком тыйым салған» дедім де шығып кеттім. Сіз де, ауданнан келген бастық та бір-біріңізге қарап отырып қалғансыздар. Есіңізге түсті ме?

САТТАРОВ. Ім… Иә… иә!.. Сондай бір нәрсе болған сияқты. Сонан соң?..

БИКЕ. Сонан соң не болушы еді. Өкіл шайсыз қалды. Маған керегі де сол болатын. (Екеуі де күледі) Өкіл кеткен соң сіз маған реніш білдірдіңіз. Өміріңізде бірінші рет! Сондағы бар айтқаныңыз. «Біздің әр кесе шайымызға кеп араласа беретін райком шақпақ қант дейсіз бе? Әлгі өкілдің алдында ұятқа қалдырдыңыз ғой. Ондай мінезді қайдан тауып жүрсіз?» дедіңіз де, есікті тарс жауып шығып кеттіңіз. Сол күні кешке кабинетке оралмадыңыз. Мен таң атқанша күттім. Үйге барғаным жоқ. Түнімен жыладым… (көзін сүртеді).

САТТАРОВ. Солай ма еді?..

БИКЕ. Иә, солай… Сол кезде мен өзімді дүниедегі ең бейшара әйелдей, адам баласының ең қорындай сезініп едім. Енді қарап тұрсам, ол кез менің ең бір жарқын да жайдары күндерім екен!.. Әй, оның несін айта берерсің, «өткен күннің бәрі өтірік, бәрі жалған» деген рас қой. Енді өзіңіз айтыңызшы.

САТТАРОВ. Оның несін айтам. Өзің білетін жағдайдан кейін үй-ішімді, ауру әйелімді сүйрелеп алыс бір жаққа кеттім ғой. Содан бері бір айдай өтіп кетіпті.

БИКЕ. Қайда кеткеніңізді бір адам білмейді. Іш құса боп жарылып кете жаздадым-ау! Тым болмаса маған неге айтып кетпедіңіз?

САТТАРОВ. Көшіп барып, барлық ызың-шудан құтылып, «уф» дегенімде сенің жалғыз қалғаның, тым болмаса бір ауыз айтпай кеткенім есіме түсіп қатты өкіндім.

БИКЕ. Енді айтарсыз, қайдасыз қазір?

САТТАРОВ. Жоқ, кейін білесің. Мен де бір, фигаро да бір. Қалай еді әлгі. «Фигаро анда, фигаро мұнда, фигаро аспанда, фигаро жерде!» Міне, солай! Жерге жұмақ орнату мүмкін болмаған соң сона-ау аспанға ұштым да кеттім (күледі). БИКЕ. Мұндағылардың гу-гу сөзін есітсеңіз ғой! Әлі бір бәсеңсір емес. Әр қайсысы әр саққа жүгіртеді. Неше түрлі хикаяларды қолынан қиыстырып құрастырығанда адам қиялының ұшқыр екеніне сонда көзің жетеді!

САТТАРОВ. «Қаңқу сөзге келгенде әр адамның бойында жатқан ұлы драматург ұлып оянады» деп еді бір таныс жазушым. Соның сөзі келген екен ғой.

БИКЕ. Иә. Қазір жұрттың жатса да, тұрса да әңгімесі жалғыз сіз. Сізді біреулер асылып өліпті дейді; енді біреуі атылып өліпті дейді, тағы бірі сырдың суына тұншықтырып қояды. (Кенет қатты күліп). Ойбай, жақында тағы бір күтпеген қауесет бұрқ ете түспесі бар ма!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28