«Саттаров жұрт көзінен оңашаға көшіп барыпты да, өзі жоғары жақты аралап кетіпті. Үлкен кісілерге бәрін өз аузымен түсіндіріпті. Енді ол ауданға бастық боп келгелі жатыр екен», деген де сөз гулеп барып басылды. Екеуі де күледі.
БИКЕ. Солай!.. Бұйрық шықпай тұрып қызмет орнын тастап кеткені үшін аудан қатты ашуға мініп отыр деп естідік. Неге үйттіңіз?
САТТАРОВ. Кеткен соң бәрібір емес пе? Ақыры мен ғана кедергі боп жүр екем, ертерек кеткенім жөн ғой. БИКЕ. Ал, бүгін талқылау болатынын қайдан білдіңіз?
САТТАРОВ. Білдік қой… Оны да кейін айтармын.
БИКЕ. Япырмай, бәрі құпия боп кетті ғой өзі! Жұрт деген менің мазамды алып болды. «Қайда, неге, қалай?» деп құлағымды сарсытты. (пауза) Айтпақшы, жұбайыңыз қалай?
САТТАРОВ. Әзірге аман! Саған сәлем айтты.
БИКЕ. Сәламат болсын! Жұрт деген екеумізді біраз жерге апарып тастады-ау! Саттаровтың екі әйелі бар екен, біреуі орыс, біреуі қазақ. Кейіннен, жауапты қызметке ауысатын болған соң қулыққа көшіп біреуін бөлек шығарыпты. Орыс әйелден екі бала бар екен, Айтуардың аузынан түсіп қалғандай ұқсас» деп те шығарды-ау! Жамал байғұс сол өсек гулеп тұрғанда да қыңқ демеді. «Айтқан жұрт айта берсін, сүйексіз тіл не демейді» деп жылап жүрген маған басу айтқаны әлі есімде. Е-е, жұрт не білсін, әңгіме керек, сөз керек. Осы күні әскерде жүрген баласын босанған бетте екі омырауына жара шығып, нәрестені емізе алмай қалған соң бір жасқа дейін мен емізгенімді қалың ел қайдан білсін. Адам баршылықта емес, таршылықта бауырмашыл болады ғой деймін. Сол кезде бір-бірімізді алалау да, қаралау да жоқ, бір үзім нанды бөліп жеп, бір қасық сүтті бөліп ішіп, бір жапырақ көрпені бірге жамылып жата беруші ек,ә! Сөйтіп жүріп түнімен дастандар оқып, ән айтушы едік. Балалар ұйқысынан оянып, сығырайып тыңдап отыратын еді-ау!..
САТТАРОВ. Сол кездегі қайта-қайта айтып қоймайтын әнің үшін ғой біз сені «Мадам Баттерфляй» деп атап кеткеніміз. Бәріміз «Ах, самара городокты» айтып жүргенде, сен қайдан үйрендің сол кезде осы арияны? Бәрімізді таң қалдырушы едің әйтеуір!
БИКЕ. Апам марқұм ғой үйреткен. Ол кісі әуесқой әнші болатын (мұңайып) Ерте қайтыс боп кетті байғұс. Мен ол кезде жеті жасар едім. Әкем, ол да отыз екінші жылы аштан өлді. Сонда ғой мені сіздің әкеңіздің асырап алғаны. Сонда ғой менің Виктория деген атымның Бике боп шыққаны (күледі).
САТТАРОВ. Иә, талай оқиғалар өтті ғой!.. Ал, мен аттанайын.
БИКЕ. Ойбай-ау, есім шығып, күні бойы мен шай да қоймаппын ғой. Салқын компот ішесіз бе? Доланадан қайнатқан.
САТТАРОВ. Ішкенде қандай! Әкеле ғой (Бике оған бір сапты-аяқ компот құйып береді. Саттаров түгел сіміріп алады). — Сенің қолыңнан сусын ішсем, баяғы бала кезімдегі оқиға түседі.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28