АРАЛДАҒЫ АДАМДАР

Есіңде ме, сенің тірсегің тоғысып әкпішпен екі шелек су әкеле жатқаның? Сонда сен он бірде болатынсың. Алдыңнан екі-үш бала шығып, шелектің ернеуінен су ішкенбіз. Сонда қандай қатыгезбіз десеңші, саған шелекті жерге де қойғызбаймыз. Сен әрең тұрсың. Бірақ, суға қанып тұра бергенімізде қасымыздағы бір бала әлденеге сүрініп кетіп, сенің екі шелегіңді де ақтарып тастап еді. Сен ләм демей сонау алыстағы құдыққа қайта кеттің. Түк болмағандай баяғы күйіңше жымиып бара жаттың. Есіме түссе әлі жүрегім шымырлайды.

БИКЕ (көзін сүртеді). Қандай балдәурен еді десеңізші!.. (пауза). А, сен де біраз қияңқы болдың ғой. Сол мінезің әлі келе жатыр… Ал, жолың болсын. Сәлден соң мен де барам. Саттаров «қамықпа» дегендей оның иығынан құшақтап шығып кетеді.

* * *

Колхоз клубы. Мұнда әдеттегіден өзгеше атмосфера. Жиналғандар тым салмақты, тым байыпты, бәрі де сөзге сараң, қимылға тапшы. Бүгінгі жиынды ұзақ күткендері, одан көп өзгеріс күтетіндері байқалады. Ойлары сыртқа шашау шықпай, іштерінде бұғып жатыр. Залда тыныштық. Бәрі де сілтідей тынған. Президиумдағы стол әзірге бос. Осы бос күйінде ол бір-екі минут тұрады. Сәлден соң, есіктен асығыс басып парторг кіреді. Кірген бойда төрдегі столға озады. Оның соңынан райком секретары, колхоз председателі және басқа да ресми адамдар енеді де, залдың алдынғы қатарына жайғасады. Клубтың терезе жақ шетінде Саттаров отыр. Ол жалғыз. Кірген ресми адамдар оған қарап болар-болмас бас изейді. Бұл да. Парторг Жанаев сөз бастайды. Әуелгі үнінде толқу, діріл байқалып тұрады да, кейіннен қалпына түседі.

ЖАНАЕВ. Жолдастар! Кешіріңіздер, (абдырап сағатына қарайды) аудан басшылары… (өкілге қарап қояды) телефонмен сөйлесіп. Өздеріңізге белгілі шаруашылық мәселесі ғой. Қашанда қарбалас тірлік… Ештеңе етпес, он жеті минут уақыттарыңызды алдық, ренжімейсіздер ме? (күлімсіреген боп, залдан жауап тосады. Ешкім үн қатпайды) Неге үндемейсіздер? Әлде, риза емессіздер ме? (жұртқа көңілділік сеппек боп, ол тағы күледі).

ТАЙМАН. Біз ренжиді деп жиналыс болмай қалмас, бастай берсеңдерші енді.

ЖАНАЕВ. (аздап өзіне-өзі келіп) Несі бар, бастасақ бастайық. (Ұнатпай). Ақсақалдың репликасы өте орынды! Жолдастар! Біздің колхоз партия ұймының есебінде –244 КПСС мүшесі, 8 КПСС мүшелігіне кандидат бар. Жалпы саны – 252. Қатысып отырғандар. КПСС мүшелерінен – 238, кандидаттан – 79 — адам себепті жағдайлармен қатыса алмай отыр. Жиналысты ашу жөнінде кімде қандай ұсыныс бар?

ЗАЛДАН ДАУЫСТАР. Ашылсын! Ашылсын!

ЖАНАЕВ. Ашылсын! Дауысқа салайық. Жиналыс ашылсын дегендеріңіз қол көтеріңіздер. Өзі көтереді. Жұрттың бәрі де қол көтереді.

ЖАНАЕВ. Санап әуре болмаймыз – түгелдей дерлік «за». Қарсы? Қалыс қалған? Жоқ! Сонымен, колхоздың ашық партия жиналысын ашық деп жариялаймын. Жиналысты ілгері алып бару үшін президиум мүшелерін сайлап алуымыз қажет. Президиумға қанша адам және кімдерді сайлаймыз? Кімде қандай ұсыныс бар?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28