ешқайсымыздың жанымыз артық емес.
АРДАҚ. Ореке… айтыңызшы, алпыс төрт пен қырық бес деген не? Өткен жолы жынды Демесін де осылай деп шаба жөнелген.
ОРМАНТАЙ. Қалай? Демесін де солай деді ме? Әне, көрдің бе, Ардақ, ол тегін жынды емес… Алпыс төрт дегені — осы ауылдан майданға аттанған ер азаматтардың саны, ал қырық бес — еліне қара қағаз боп оралған боздақтар. Сол тізімнің ішінде сенің де күйеуің бар. АРДАҚ (шошып кетіп). Қайсы тізімнің ішінде?
ОРМАНТАЙ. Неге шошисың? Жаман хабарын естігеніміз жоқ, әрине, тірілердің ішінде. Аман жүрсе бір хабары келер (Ардақ терезе алдына барып, сыртқа ұзақ қарап тұрады). Не болды саған, Ардақ? (Ол үндемейді). Сен не, жылап тұрсың ба?
АРДАҚ (бетін бұрмаған бойы). Жоқ. Мен неге жылауым керек?.. Жылайтындай не бопты маған? Мына терезе перделердің қап-қара боп кірлеп кеткеніне қарап тұрмын…
ОРМАНТАЙ. Ә, иә, иә. Соғыс басталар жылы ілінген перде еді, содан бері оған қарауға мұрша болды ма?
АРДАҚ (бермен қарап, бойын түзеп). Ал, мен кеттім. Мақта пункттегілердің отындары таусылып қалған шығар (Жасырынғандарға). Жандарың қалды, шыға беріңдер. Актив мүшелері шығып, орындыққа отырады.
КӘКІМБЕК. Не істейтін болдық?
ОРМАНТАЙ. Нені?
КӘКІМБЕК. Жиналысты? Жалғастырамыз ба?
АРДАҚ (күліп). Жиналыс өз жұмысын аяқтады. Осыны хабарлау үшін сіздерді стол астынан әдейі шақырып отырмыз.
КӘКІМБЕК. Ал, Демесінді қайтеміз?
АРДАҚ. Оны Демесіннің өзінен барып сұраңдар. Ал қазір мақта пунктке отын апару үшін, колхоздың тезекханасына қарай менің соңымнан еріңдер, шагом-марш. Бәрі кетеді. Жарық сөнеді. Баяғы мақта пункті. Әркім сол орнында көсек аршып отыр. Көсек тасу, мақта аршу, аршылған мақтаны қанарға сап, бір бұрышқа жинау, т.б. процестер өзімен-өзі жүріп жатады. Ошақ басында бір әйел пешті үргілеп, көзінің жасын сүртіп қояды.
МӘНСИЯ. Әдірә қалғыр, осы колхоздың тезегі қысы-жазы бір кеппейді.
ШӘМСИЯ. Жаға алмаған өзіңнен көр. Кеше мен жаққанда бықсымай-ақ лаулап кетіп еді ғой. МӘНСИЯ. Лауласа үстіне керосин құйған шығарсың.
ШӘМСИЯ. Керосинді отқа құймақ түгілі шамға таба алмай отырған жоқпыз ба? От жаға алмасаң кісіге тиіспей отыр. Әйтпесе, бұл колхоздың сиырлары саған келгенде су тезек, маған келгенде қу тезек тастайды деп пе едің?
МӘНСИЯ. Әй, сен бар ғой, сен… Ауыз өзімдікі екен деп, не болса соны көки берме, білдің бе? Айтсам, мен сөз таппай қалғалы отырған жоқпын. Біраз күнәңды білемін, байқа.
ШӘМСИЯ. Ал, айт, айт, қане. Мен сонда қарап қалармын. О несі-ей; түге, өзі етегіне намаз оқып жүрген адамдай… Пункте Ормантай, Ардақ және бір ер кісі — ауданнан келген. Өкіл кіреді. Ормантай Өкілге әлденені түсіндіріп, пешті нұсқап сөйлеп жатыр.
МӘНСИЯ. Әй, сен менің қылмысымды қашан көрдің, ә? Қай жерде ұстап алып едің мені?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26