М Ұ Р А Г Е Р Л Е Р

СССР халық әртiсi Сәбира Майқановаға арнаймын

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Салиха Сызғанова

Сызғанов Төрехан

Перуза

Жiгiт

Қалыңдық

Комиссияның бiрiншi мүшесi

Комиссияның екiншi мүшесi (әйел)

Үй сатып алушылар

Жұмысшылар

 

БIРIНШI БӨЛIМ

Қазақстанның облыс орталықтарының бiрi боп саналатын қаланың шеткерi жағына орналасқан шағын бау-бақшасы бар, төбесiн қызыл түнiкемен жапқан еңселi үй. Үй жиһаздары 40-50-жылдардың үлгiсiнде. Бұл шаңырақта жастар тұрмайтындығы ескi бұйымдардан, олардың жиналуынан- ақ анық аңғарылады. Қыстың қақаған кезi. Үстiне сары күпәйке киiп, белiн буынған, басына салы орамал тартқан Салиха бiр қап аязды алып iшке кiредi. Қолындағы көмiр толы шелегiн пеш жанына қойып, қалақпен пешке көмiр салады. Сонан соң пеш жанындағы столға кеп отырып, дауыстап қағаз жаза бастайды… Әр әрпiн бөлiп ежiктей жазады.

САЛИХА. Ха-бар-лан-дыр-у… ды-ру. Жi-бi-i, түзу, түзу, ерлi-зайыпты кiсi-лер бол-са пәтерге жiберемiн. Пауыс… Пауы-ыс… Құдай-ай, осы бiздiң көшенiң атын айту ақырет! Немене едi? Пауыс… Жарайды, көшенiң атын ертең жазармын. (Осы кезде ит абалап, есiк тақылдайды). –Астапыралла! Борандатып жүрген кiм болды екен? Қазiр, қазiр (Есiктi ашады. Үйге 24-25-тер шамасындағы жас жiгiт кiредi. Әрi сыпайы, әрi жұпыны киiнген. Суыққа тоңғандықтан тiсi тiсiне тимей дiр-дiр етедi).

ЖIГIТ. Сә-әләматсыз ба, апай… әжей!..

САЛИХА (оған таңданып қарап). Танымадым, қарағым, кiм боласың?

ЖIГIТ. Туһ, осы қаладан жөн сұрауға жарайтын адамды да кездестiредi екенмiн-ау. Бәрi есiгiн ашпайды, немесе, «аулақ жүр» дейдi. Жұрт не боп барады? Апай… Iмм… әжей… ана… пешке барып жан шақырып алайыншы.

САЛИХА. Иә, шақырып ала ғой. (Жiгiт кiшкене орындық алып, пештiң алдына барып отырады). Танымадым, қарағым кiм боласың? Бiр жерде көрген сияқтымын ба?..

ЖIГIТ. Сiз менi танымайсыз, әже?

САЛИХА. Иә, иә! Алжыды деген осы, бүгiн көрген адамыңды ертең ұмытасың. Сен әлгi… терi жинаушы Сақтапбергеннiң былтыр әйелiн қоя берген баласы емессiң бе?

ЖIГIТ (күлiп). Жоқ, әже! Мен жаңадан үйленгелi жүрген жiгiтпiн. Сiз менi танымайсыз. Ешқашан көрген жоқсыз. Мен де сiздi ешқашан көрген емеспiн.

САЛИХА (шошып). Не дейдi? Сонда сен… Мүлде бөтенсiң бе? Ойбай-ау… Осындай түн iшiнде… танымайтын адам… Жоқ, айналайын, жөнiңдi тап!

ЖIГIТ. Қорықпаңыз, әже, кетемiн, кетемiн!.. (Жiгiт орнынан тұрып, есiкке жақындайды). Бiз үйленетiн едiк!

САЛИХА. Иә, маған неғыл дейсiң! Үйлене бер!

ЖIГIТ. Бiзге пәтер керек едi. Аяғымнан сарсылғаныма екi күн болды. Қыс iшiнде баспана табу қиын екен.

САЛИХА. Онда жазда үйленiңдер.

ЖIГIТ. Тым болмаса бiр-екi ай тұра тұрсақ, сонан соң басқа пәтер тауып алар едiк.

САЛИХА. Немене, жазға дейiн шыдамай барасыңдар ма?

ЖIГIТ. Жағдай солай боп тұр, әжей. Бос бөлмелерiңiз жоқ па?

САЛИХА. (сәл ойланған соң). Жоқ. Бос бөлме жоқ. Өзiмiз әрең сыйып отырмыз.

ЖIГIТ. Амал қанша, тағы iздеп көрермiн. Отыңызға жылытқаныңыз үшiн рақмет! Сау болыңыз!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24