ӨКІЛ. Әрине, әрине, айтамын. Біздің әскерлер жауды өз жеріне қуып тықты. Жеңіс күні жақындап келеді, жолдастар! (Балалар «ура» деп, ересектер көзіне жас алып қуанады).
ОРМАНТАЙ. Ал, колхозшы жолдастар. Жаңа жылға аз ғана уақыт қапты (Әтеш шақырады). Әне, әтештер де шақыра бастады. Жаңа жыл құрметіне бүгін үйлеріңізге ертерек қайтуларыңызға рұқсат (Жұрт қуана дабырласып тарай бастайды).
АРДАҚ (ошақ басындағы екі әйелге). Оттарыңды жөндеп өшіріңдер. От жаға алмасаңдар да мақта өртеуге шеберсіңдер.
МӘНСИЯ. Өзі де әлдеқашан өшіп қалды.
АРДАҚ. Әй, қу тезек пен су тезек! Ертең үйлеріңнен екеуің бір-бір қап қу тезек, немесе екі арқа ағаш отын әкелесіңдер. Орнына үш қап колхоздың су тезегін алуларыңа болады.
ШӘМСИЯ. Ойбай-ау, үйде бала-шағамызды немен жылытамыз?
АРДАҚ. Онда менің шаруам жоқ. Су тезекті кептіріп алыңдар.
МӘНСИЯ. Үйде от жанбаса, су тезек қалай кебеді?
АРДАҚ. Білмеймін. Маған десеңдер қойындарыңа алып жатыңдар.
ШӘМСИЯ. Астапыралла. Мынау әйел басымен қырып барады, еркек болса не істер еді?
МӘНСИЯ. Еркек болса… Әй, не істесе де осының еркек болғаны-ақ жақсы болар еді. Екі әйел сылқылдай күледі. Бір сәт Ардақ та езу тартады да, ізінше түсін суыта қояды.
АРДАҚ. Тоқтатыңдар күлкіні. Таңғы әтеш шақырғанда екеуіңді осы жердегі есік алдында өзім күтіп алам. Отындарыңмен.
ЕКІ ӘЙЕЛ ҚОСАРЛАНЫП. Жарайды, жарайды. Табармыз…
ОРМАНТАЙ. Жолдастар. Ертең ертемен іске кірісеміз. Қанарланған мақталарды арбаға тиеп, станцияға жөнелту керек. Бәрі кетеді. Сахна бос. Әйелдердің ән салған дауыстары бірте-бірте алыстай береді.
* * *
Түн. Ардақтың үйі. Үй ішінде сабырсызданып әрі-бері жүрген Өкіл көрінеді. Ол Ардақтың келуін күтіп жүрген секілді. Ардақ кіреді. Қолында кесе-шайнек бар.
АРДАҚ. Үйге дейін шығарып салғаныңызға, жаңа жылмен құттықтағаныңызға рақмет. Оу, сіз қонатын адамдай шешініп қойыпсыз ғой.
ӨКІЛ. Шаршап, жабығып жүрсіңдер. Көңілің көтерілер еді дегенім ғой…
АРДАҚ. Қазір көтеріңкі көңілдің керегі жоқ. Анда жұрт қан кешіп жатыр.
ӨКІЛ. Ім-м… Қайтеміз… Жалпыға бірдей қиындық қой.
АРДАҚ. Қырық бес… Менің қолымда тағы бір үйге қара қағаз бар. Есіңізде ме, әлгінде ортаға шығып өлең айтпақшы болған қыз. Аты Перизат. Жақында ғана әкесінен хат алып еді. Ой, бейшара қыз-ай. Маслпромға сүт алып бара жатқанда шешесін ұрылар тонап кетіпті. Өлі-тірі екені белгісіз. Әлі ешқандай дерек жоқ. Байғұс қыз, үш жасар інісі екеуі ғана қалды. Әкесінің қазасын қалай естіртсем екен?..
ӨКІЛ. Мұның бәрі, әрине, аса қайғылы оқиға. Ондай оқиға қазір ел ішінде аз емес қой, соның бәрін қазір айтып, қазір қайғырмасақ болмай ма?
АРДАҚ. Енді сіз келмеңіз. Бұл жақта өртеніп бара жатқан шаруа жоқ, өртеніп бара жатса, басқа өкілді жіберіңіздер. Бағана әйелдердің не айтқанын естідіңіз бе?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26