КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

Хадиша кенет айғайлап жібереді.

ХАДИША. Өтірік, өтірік. Бұлар шынын айтпай тұр. О, жауыздар, о, жауыздар.

ОРМАНТАЙ. Не болды, Хадиша-ау?

ХАДИША. Байпақ… Мынаның аяғындағы байпақ менікі. Өткен жолы маслпромға кетіп бара жатқанда аяғымнан шешіп алып, Зейнепке бергенмін. Сол, сол… Жұрт гулеп кетеді. «Оңбаған, жауыздар, қанішерлер» деген сөздер естіледі. Топ ішінен Перизат жүгіріп шығады.

ПЕРИЗАТ. Ормантай көке. Менің мамамды мыналар тонапты. Мен де кигем бұл байпақты талай рет. Табанына қабаттап ескі дәптердің мұқабасын салғам, егер алып тастамаса сол болуы керек. Өй, жауыздар. Апатайым менің (жылайды). Демесін Бірінші ұрының аяғындағы байпақтың екеуін де суырып алып, Перизатқа береді. Ол ішіне қолын сұғып, екі-үш қабаты іри бастаған қағаз ұлтарақты алып шығады. Қағазға үңіле қарап. «7 «А» класы, Жанаева Перизат. Қазақ тілі дәптері», деген жазуды ежелеп оқиды. Жұрт қайта гулеп, көздері шарасынан шыққан ұрыларға ұмтылады.

ДАУЬІСТАР. Өлтіру керек. — Ату керек. — Ату аз, турап-турап итке тастау керек.

ОРМАНТАЙ. Халайық. Шуламаңдар (Ұрыларға). Мына байпақты қайдан алдыңдар?

БІРІНШІСІ. Базардан…

ЕКІНШІСІ. Тауып алғанбыз.

ҮШІНШІСІ. Қайдан алғанын маған айтқан жоқ.

ОРМАНТАЙ. Қайсыңа сенеміз? Қане, өздерің мойындарыңа алыңдар.

АРДАҚ. Ореке-ай. Бейбітшіліктің адамы десем, тағы ренжисіз-ау. Бұл сұмырайлармен басқаша сөйлесу керек. Олардың тілі басқа. Демесін, мыналарды үй артындағы шұқырға алып бар да, атып таста. Бәріміз бір-бір күрек топырақ тастасақ, көміледі де қалады. Бұларды іздейтін ешкім жоқ. Алып кет. Демесін арқанды ұстап, байлауы әлі шешілмеген үшеуін сүйрей бастағанда, олардың үшеуі де үш жақтан шар ете түседі.

БІРІНШІСІ. Мен байпақты базардан сатып алып едім, жазығым жоқ.

ЕКІНШІСІ. Өтірік айтады, бәрін істеген осы…

ҮШІНШІСІ. Мені олар қорқытып жұмсады…

АРДАҚ (Үшіншісіне). Шыныңды айтсаң, кешірім жасаймыз. Зейнеп қайда? Тонаған әйелдеріңді айтам.

ҮШІНШІСІ. Егер қолымды шешсең бәрін айтам. Ардақ. Шешіңдер қолын (Демесін оның қолын шешеді). Ал, айт, Зейнеп қайда?

ҮШІНШІСІ (керіліп алып). Ол… ол… көпірдің астында қалған…

АРДАҚ. Тірі ме?

ҮШІНШІСІ. Білмеймін. Көпірдің астында ішкөйлекшең ғана қалған. Менің жазығым жоқ, менің жазығым жоқ. Мен қарауыл қарап тұрдым. Бәріне мені зорлап көндірген мына екеуі. Жанымды алып қала көріңіз, жалынамын. Жалынамын…

ПЕРИЗАТ. Ма-ма-а!.. Сен қайда кетіп қалдың, ма-ма-а! Жұрт оны көтеріп алады. Жұрттың абыр-сабыр кезін пайдаланып, қолы шешілген ұры еңбектеп отырып, есікке жетеді де, шыға қашады.

ДАУЫСТАР. Ойбай, ұрының біреуі қашып кетті. — Ұстаңдар, ұстаңдар. Сырттан шаба жөнелген ат дүбірі естіледі.

ДЕМЕСІН. Аттан, аттан. Пәшист қашты, ат қайда, ат қайда? Менен құтылмайды сұм пәшист. Олар дүрлігіп далаға шығады.

* * *

Колхоз кеңсесі. Кеңседе үш-төрт актив, Ормантай және Ардақ.

ОРМАНТАЙ. Жаңа жылғы оқиға ел еңсесін түсіріп кетті, жолдастар. Әсіресе, Зейнептің өлімі жұрттың қабырғасына қатты батып отыр. Демесін болмағанда Перизаттың да тірі қалу-қалмауы екіталай еді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26