КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

Мынау қақаған аязда шешесінің моласының басында жылап жатқан жерінен жеті түнде сол көтеріп алып келді. Ол әлі есін жия алмай жатыр. Елдің еңсесін көтеру үшін не істеуіміз керек?

АРДАҚ. Бұл оқиға, жалғыз біздің басымызда боп жатқан жоқ қой, шыдайды.

ӘКІМБЕК. Бір күн демалыс беру керек. Бір той керек.

ОРМАНТАЙ. Дұрыс айтасыз — елге бір той керек, сілкініс керек.

АРДАҚ. Оны қайдан аламыз?

ОРМАНТАЙ. Сенде неше хат бар? Майданнан келген?

АРДАҚ (сөмкесін ашып). Үш хат. Иә, үш хат бар.

ОРМАНТАЙ. Үш хат. Бұл бір. Совет әскерлері фашистер ордасы — Берлинге қарай бет алды. Бұл — екі. Сонан соң, біз бүгін Демесінді колхозға мүшелікке қабылдап, өткен айдың ортасынан оған еңбеккүн жазайық.

АРДАҚ. Еңбеккүн? Не үшін?

ОРМАНТАЙ. Тыныштық күзетшілігі үшін.

ДӘМЕШ. Кешіріңіз… Колхозда ондай жұмыс жоқ. Заңсыз болмас па екен?

ОРМАНТАЙ (оларға бір қарап шығып). Сендер де жоқ жерден заңшыл бола қаласыңдар осы. Тыныштық күзетшісі болмаса, «күзетші» деп жазамыз.

АРДАҚ. Сонан соң?

ОРМАНТАЙ. Сонан соң не болады? Сонан соң Демесіннің колхоз мүшесі болғанын тойлаймыз. Аз ба — үш хат, қызыл әскерлердің майдандағы табысы, тыныштық күзетшісі Демесіннің колхозға мүше боп, ел қорғауға басы бүтін кірісуі. Менімше, аз емес. Демесінді колхозға мүше ғып алайық дегендерің қолдарыңды көтеріңдер.

АРДАҚ. Мына жиналысымыз дені дұрыс адамдардың жиналысына ұқсамайды.

ОРМАНТАЙ (санайды). Бір, екі, үш, төрт, бес. Қарсы — бір, екі. Бес адам қол көтерді, екі адам қарсы. Сонымен, Демесін колхозға мүше болды, жолдастар.

АРДАҚ. Жетіскен екенбіз. Келесі жиналыста оны басқарма мүшелігіне сайлайық.

ОРМАНТАЙ. Бәріне кеңірек қарау керек, Ардақ. Ол өзін бізден ақылсыз санап жүрген жоқ. Оның ойынша, мына біз жындымыз. Өткен түнде мен онымен оңаша сөйлестім. «Неге үйленбейсің?» дедім. Ол айтады, «сендер ақымақсыңдар» – дейді. «Үйленсең, бала туасың, өсіресің, ал оның кеудесін мынадай оқ тесіп өтіп жатыр» деп дорбадағы бытырасын көрсетеді. «Сонда қайтеміз, үйленбеуіміз керек пе, бала тумауымыз керек пе?» — десем, «алдымен соғысты өлтіріп алып, баланы сонан соң туу керек», — деп жауап берді. Бір қарасаң, жындының сөзі сияқты, ойлап қарасаң, қарапайым да терең мән жатыр. Оның қолындағы мылтық соғысқа қарсы атылмақшы, ол түн ұйқысын төрт бөліп, аязға тоңып бізді бәле-жаладан сақтамақшы. Ал, ақылды деп жүрген адамның көңілінде жауыздық, қолында қанды қару бар. Осы екеуінің қайсысы жынды? Біз екеуінің қайсысын жындыханаға жабуымыз керек?

АРДАҚ. Тыңдап отырсақ, сіздің де сөзіңіз Демесіннің сөзіне ұқсап келе жатыр (Күледі). Ал, жарайды қабылдайық колхозға. Мен де қосылдым.

ОРМАНТАЙ. Кітапшаны оған бүгін апарып беру керек. Ол шанасына мініп, ауыл сыртына шыққанда, яғни қызмет бабында жүргенде, ол бұған баладай қуанар еді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26