МҮТӘН. Демесін ағай, әзірше соғыс ойнай тұрайықшы, а? Ал бейбітшілікті кейін үйренген соң ойнаймыз.
ДЕМЕСІН. Әй, қоймадыңдар ғой. Жарайды. Онда менің командама құлақ түріңдер. Взво-од! В колонну по два становись. Балалар сапқа тұрады. — Кру-гом! Балалар олпы-солпы артқа бұрылады. — Бірінші қатар, бес адым алға, шаго-ом марш. Балалардың бірнешеуі алға аттайды. — Жатыңдар! Екі колонна, екеуің де дайындалыңдар! Огонь! Ол қарды үлкен етіп жентектеп алып, граната сияқты «пашистерге» лақтырады.
БАЛАЛАР. Тра-та-та-та! Тра-та-та-та!.. Демесін аға, сізге бірнеше оқ тиді, сіз өліп қалдыңыз. ДЕМЕСІН. Жо-жоқ. Мен өлмеймін. Қызыл әскер өлмейді. Сендердің бәрің қырылуға тиіссіңдер. Міне, тағы бір граната лақтырамын. Бух! Әне, қақ орталарыңа барып түсті.
БАЛАЛАР. Тра-та-та-та! Тра-та-та-та!..
ДЕМЕСІН. Ә-ә, солай ма? Сендер мені өлтірмексіңдер ғой, ә. Көрсетермін сендерге қызыл әскерді қалай өлтіргенді. (Ол ұзын қамшысын автомат қып біраз оқ атады. Оқ ату үстінде делебесі қызып, өзін-өзі билеуден қалады). Сендер өлесіңдер, сендер. Сендердің біріңді де қалдырмаймын. Біріңді де. Қызыл әскерді өлтіріп көріңдерші. Мә, саған. Мә, саған! (Ол балалар жаққа долданып, бірнеше дүркін «граната» лақтырады). Жауынгерлер! Алға! Алға-а! Ол орнынан тұрып, «шабуылға» шығады. Ет қызумен кеп балаларды бас-көзге сабай бастайды.
МҮТӘН. Балалар! Қашыңдар! Демесін құтырайын деді. Қашыңдар! Балалар быт-шыт боп, жан-жаққа бытырай қашады. Демесін олардың біреуінің қыр соңына түсіп, сахнаны айнала қуады. ДЕМЕСІН. Сұм пәшист. Көрсетемін мен сендерге адамдарды өлтірген қалай болатынын. Мә, саған! Мә! Мә, саған! Бала тұра қашады, Демесін оны тұра кеп қуады. Осы кезде екінші жақта баланың анасы Хадиша жан ұшыра айғайлап кеп ара түседі.
ХАДИША. Халайық! Халайық! Өлтірді, өлтірді ғой мына дүлей баламды. Құтқарыңдар, құтқарыңдар!
Ол Демесіннің соңынан жүгіреді. Демесін оны шыбық құрлы көрмей итеріп тастап, «жау» соңынан жүгіре береді. Жұрт жиналып қалады. Ақсақ председатель Ормантай, ауыл совет председателі Ардақ, тағы басқа үш-төрт колхоз активистері көрінеді.
ХАДИША. Ормантай қайнаға-ау, неғып состиып тұрсыздар?! Тоқтатсаңдаршы ана дүлейді. Бірдеңе десеңдерші!
ОРМАНТАЙ. Демесін! Демесін, тоқта. Ақылың бар ғой сенің, тоқта! Баланың жүрегін жарасың. Демесін тоқтамайды. Бала әлі қашып жүр. Бір кезде бала әлсіреп құлайды.
ДЕМЕСІН. Ең соңғы пәшист құлады. Жауынгерлер алға. Алға-а-а-а!..
ОРМАНТАЙ. Демесін, тоқта деймін. (Мылтығын кезенеді). Тоқта, әйтпесе, атып саламын. Демесін жүгіріп кеп, оның мылтығын тартып алады. Әйелдер жағы шу етіп, жұрт сабыры қашқан кезде Ардақ Сталиннің портретін көтеріп, Демесіннің қарсы алдына тұра қалады.
АРДАҚ. Сталиннің атымен бұйырамын! Тоқта! Демесін Сталиннің суретінен көз алмай тұрып қалады. Сәлден соң қолын маңдайына апарып, оған жақындай береді. Портрет алдына кеп тоқтап, рапорт береді.
ДЕМЕСІН. Ең соңғы пәшист жығылды, жолдас маршал.
АРДАҚ. Қайдағы фашист. Сен баланы соққыға жықтың. Сен бұл қылығың үшін жауап
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26