КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

Ол бізді талай қуантып жүр, біз оны бір қуантайық тағы.

КӘКІМБЕК. Иә. Қуанатыным сондай, оны көрсем жүрегім жарылып кете жаздайды да тұрады.

ОРМАНТАЙ. Сонымен, кітапшаны оған кім апарып береді?

ДАУЬІСТАР. Ойбай құрысын.

КӘКІМБЕК. Атама бәлені. Тажалға өз аяғымыздан баратын жайымыз жоқ.

КӘКІМБЕК. Ат басындай алтын берсе де, көрмегенім Демесін болсын.

ОРМАНТАЙ (терезеден қарап). Бері, бері келіңіздер. Әне, тыныштық күзетшісі жұмысына шықты. Көріп тұрсыздар ма? Батар күнге қарсы соғып барады.

ДАУЫСТАР. Ой, сұмдық-ай. Естімеген елде көп. — Аты да әбден үйреніп апты, беткейдегі жолына қарай желіп барады. — Ақ күмістей жылтылдаған қар тозаңын қарашы.

ОРМАНТАЙ. Біздің тыныштығымызды күзетем деп тынышы кеткен байғұс-ай. Ал, сіздер осындай адамды жындыханаға жібереміз дейсіздер.

АРДАҚ (толқып). Шынында да, мына көрініс ғажап екен. Мен оның бұрын былай шанаға отырғанын көрген емеспін. Оның еңбек кітапшасын ерінбей мен-ақ тапсырып келейінші. КӘКІМБЕК. Ойбай, барма. Ертең өзі-ақ келеді ғой.

АРДАҚ. Жоқ, өзі келген бір басқа, біз апарып берген бір басқа. Әкел кітапшаны. Тәуекел. Ардақ кітапшаны қолына алып, белін буынады да, шығып кетеді.

КӘКІМБЕК. Астапыралла, астапыралла. Аруақ, құдай, өзің жар бола гөр (Бетін сипап бата жасайды).

* * *

Ардақ жүріп келе жатыр. Ол сахна ортасына кеп тұрады. Сахна айналып, шана үстінде қамшы үйіріп отырған Демесін жақындай береді.

ДЕМЕСІН (өзімен-өзі). Кім, келе жатқан, кім? Аулақ, аулақ. Ал, жануар, тезірек. Ауылдың ана жағы иесіз қалды, шу, жануар, шу.

АРДАҚ. Сәлеметсіз бе? (Ол тыңдамайды). Сәлеметсіз бе деймін?

ДЕМЕСІН (енді естіп). А. Бұ кім?

АРДАҚ. Менмін ғой.

ДЕМЕСІН. Анау атты қайда алып бара жатсың?

АРДАҚ. А? Атты? Қайдасы қалай? Өзім мініп келдім. Ат өзімдікі… колхоздікі дегенім ғой…

ДЕМЕСІН. Ә-ә, тапқан екенсің ақымақты. Ұрының бәрі мал өзімдікі дейді. Басқа сыбайластарың қайда? Қайда деймін? Ат сенікі емес. Мен оны байлап қоям. Демесін шылбырын жинап, атты байлап келеді.

АРДАҚ. Жолдас… мұныңыз не? Мен соғысқа кеткен қызыл әскердің әйелімін. Мені жәбірлегеніңіз үшін жауап бересіз… (Демесін шанасына отырып, жүруге ыңғайлана бастайды). Жолдас… Демесін… Қайнаға-ау, енді мен не істемекпін?

ДЕМЕСІН. Артыңнан адам іздеп келгенше тұрасың? Іздеп келмесе, таң атқанша қимылдамайсың? Қимылдасаң бітті — атам да салам.

АРДАҚ. Құдай-ай. Қайдан ғана келе қалып едім. Ажал айдады ма, азап айдады ма? Ертең өзі-ақ келіп алатын кітапша еді. Тіпті, алмаса да осының көңілі жаздағыдай емес пе? Енді ол қайтып келгенше қай заман? (Ол тоңып, аяғын қағыстырып, бір орында секектей бастайды). Әй, ол мына ауылды бір айналып келгенше қай заман? Атқа отырып тайып тұрсам, мені қайдан таппақ? Бірақ… ертең, үйде жатқан жерімде мылтығын кезеп.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26