АРДАҚ. Неге?
КЕМПІР. Ойбай-ау, өздерің едіңдер ғой…
АРДАҚ. Біз не деп едік?
КЕМПІР. «Бүкіл колхозда бір де бір бұқа қалмапты, сіз бұқаңызды сиырға қоса тұрыңыз, кейін есебіне бір бұзау берерміз» деген болатынсыңдар. Мен соны алып қалдым.
АРДАҚ (күліп). Жарайды, келістік (Әйелге). Түгел әкеп берді деп жаз. Келесі? (Кемпір кетеді, Хадиша келеді). Сенде қанша еді?
ХАДИША. Бесеу.
АРДАҚ. Неге төртеу-ақ?
ХАДИША. Біреуі өліп қалды, өзің білесің ғой.
АРДАҚ. Орнына өз сиырыңды саласың.
ХАДИША. Оны қайдан алам? Жалғыз сиырымды ұрлап кетті ғой.
АРДАҚ. Маған ондай дәлелдің керегі жоқ. Бес сиырды бағуға алдың ба, алдың. «Ұрлап кетті, өліп қалды» деген сөз себеп емес, мемлекет малының саны түгел болуы керек.
ХАДИША. Ардақ-ау, мен оны қайдан таппақпын?
АРДАҚ. Білмеймін. Қайдан тапсаң онан тап. Сиыр болмаса, бір сиырдың орнына төрт қой өткізесің. Он күн мәулет берем. Соның ішінде таппасаң еңбеккүніңнен ұсталады.
ХАДИША. Ұстаңдар, ұстаңдар еңбеккүннен. Күйеуіміз соғыста өлсін, Демесін баламыздың қолын сындырсын, өзіміз ақыреттей мақта пунктте қыс бойы жұмыс істеп ауру табайық (даусын көтеріп), шиеттей бала-шаға аш-жалаңаш жүрсін, колхоздың малын тағы бағып берейік. Сендерден қорыққанымыздан баламызға қарамай, малға қарайтын болдық. Енді кеп, көтерем сиырларың өлсе құнын еңбеккүннен төлеп, өзіміз аштан өлейік. Сол ма мақсаттарың? Елді қинай бергеннен не түседі, өңкей қатыгездер?
АРДАҚ (ызаланып). Келесі? Келесі кім деймін?
ХАДИША. Ардақ-ау, айтсаңшы, басқа не амал бар?
АРДАҚ. Басқа амал жоқ, төлейсің. Бар.
ХАДИША (жылап). Қаражүрек… Тасбауыр. Төрт құбыласы түгел, басқа адамның қайғысын қайтсін? (Кетеді).
АРДАҚ (Дәмешке). Жаз. Бір мал жетпейді де. Келесі. Перизат кіреді. Ардақ мүдіріп қалады. Оған ұзақ қарайды да, теріс қарап көзін сүртеді.
АРДАҚ (теріс қарап тұрған бойы). Сендерде қанша еді?..
ПЕРИЗАТ. Үшеу.
АРДАҚ. Өздеріңде мал бар ма?
ПЕРИЗАТ. Бар. АРДАҚ Қанша?
ПЕРИЗАТ. Бір ешкі, екі тауық…
АРДАҚ. Бір сиыр… Сендерде… Жарайды, бір ешкі, екі тауық екеуіңе жетер.
ПЕРИЗАТ. Әрине… Ардақ апай, сіз неге теріс қарап тұрсыз?
АРДАҚ. Саған… ренжіп тұрмын.
ПЕРИЗАТ. Неге?
АРДАҚ (бері қарайды). Сен… сегізінші кластың оқушысысың. Бойжеткен қызсың… Азаматсың. Сөйте тұра сен әлі күнге анаңның моласына қарай жүгіретін көрінесің (Даусын көтеріп). Біле білсең, ол – комсомолға жат қылық. Сенің артыңда өсіп келе жатқан інің бар, егер сен болмасаң, ол кімге арқа сүйемекші? Осыны ойладың ба?
ПЕРИЗАТ (жыламсырап). Жоқ…
АРДАҚ. Ойламағаның қате болған. Сенің інің — болашақтың адамы. Сенің оны жалғыз тастауға қақың жоқ, білдің бе?
ПЕРИЗАТ. Иә…
АРДАҚ. Білсең бопты. Ал, енді үйіңе бар, болашақтың азаматына жақсылап қара. Жарай ма?
ПЕРИЗАТ. Жарайды… Айтпақшы… көкемнен хат келген жоқ па?
АРДАҚ (сәл ғана абдырап). Жоқ… Әзірге болмай тұр… (Перизат кетеді. Ардақ орамалын алып, көзін сүртеді. Сонан соң бойын түзеп, есік жаққа қайта айғайлайды). Келесі кім?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26