КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

Ел шыдамын сынағысы келгендей соғыспен қабаттасып қыс та ерте түсіп, кеш шығатын боп алды.

ХАДИША. Соны айтсаңызшы. Баяғыда қар астында мақта қалмайтын сияқты емес пе еді? Қыс ішінде көсек аршу да соғыспен қатар басталды ғой.

МӘНСИЯ. Е-е, бәлкім, азаматтар бар кезде қиындық деген байқалмайтын да шығар. Қалай, балаң тәуір болайын деді ме?

ХАДИША. ӘЛІ сол қалпы. «Демесін келе жатыр. Қашыңдар», — деп түнімен сандырақтап шықты. Әкесінің өлгенін де естіген жоқ, еститіндей есін де жия алмай жатыр ғой.

МӘНСИЯ. Бүкіл ауылдың зәресін алмай, осы бір жындысүрей неменің көзін құрту керек еді. Ормантай басқарма да тырысып көнбей жүр дейді ғой. Туысы ма, немене өзі?

ХАДИША. Жоқ. Біздің басқармамен Демесіннің әкесі дос болған деседі.

МӘНСИЯ. Оның әкесімен біздің басқарма дос болды деп шетімізден қабынба- жүрек боп біттік қой. Алдыңғы күні ауыл шетінде тұратын шалдың екіқабат келіні Демесін делқұлымен кешкілік мал қорада бетпе-бет кездесіп қалып, талып түсті. Сол байғұс бүгін бала тастапты.

ХАДИША. Не дейді? ШӘМСИЯ. Рас. Бала көтермей жүріп көтеріп еді. Күйеуінің соғысқа кеткеніне бір ай болмай жатып қара қағаз келгенін білесің. Енді оның тағдыры не болмақ?..

ХАДИША. Байғұс-ай (Көзін сүртеді). Қиын болған екен…

МӘНСИЯ. Кімге оңай боп жүр дейсің…

ШӘМСИЯ. Әй, қатындар, тым тұнжырап, еңсені түсіріп жібердіңдер ғой. Тұнжырасаң тұнғиыққа бата бересің. Қане, ән салайық. Перизат, қане, сен айта қойшы.

МӘНСИЯ. Дұрыс. Дұрыс. Әнеугүні мектепте айтқан әніңді тағы бір шырқашы. Ардаққа қарамай-ақ қой, бір адам ән салса, ұрса қоймас.

АРДАҚ. Немене, түрегелмесе даусы шықпай ма? Жұмысын тоқтатпай, орнында отырып-ақ айта берсін.

ХАДИША. Ән айтудың оңайы-ай. Тұр, тұра ғой, Перизат. Перизат ортаға шығады. Ол сұңғақ бойлы, ересектеу қыз. Балаңдау дауыспен «Күләнда» әнін айтады. «Көк ала үйрек жүзеді көл бетінде, Жақсылардың мейірімі келбетінде. Тел қозыдай тең өскен, қайран көкем, Есен-аман жүрмісің жер бетінде? Кім салды екен бұл әнді-ай, Еске түссе аңсаймын, Отырған жерден тұра алмай, Беу, Күләнда-ай, Жатсам ұйқым келмейді, Тірі де ме екен жалғанда-ай…» Перизат әнін бітіріп, тез орнына барып отырады. Әйелдер жағы үнсіз. Көздерін тынымсыз сүртулеріне, мұрындарын тартуларына қарағанда жылап отырған секілді.

АРДАҚ. Не болды мұрындарыңды тартып. Тоқтатыңдар. Тоқтатыңдар деймін сендерге. Өңшең боркемік жылауықтар! (Әйелдер мұрындарын тартуын қояды). Сонан соң екінші ән айтушы болмаңдар.

МӘНСИЯ. Ән айтпасақ көңілімізді қайтіп жұбатамыз енді?

АРДАҚ. Қалай жұбатсаңдар олай жұбатыңдар, онда менің шаруам жоқ. Ал, ән айтуға бұдан былай тыйым саламын. Әйелдер жағы наразылық білдіріп, гуілдей бастайды.

ХАДИША (ашынғаннан өзін-өзі ұмытып). Сонда не дейсің бізге, көкпар шап дейсің бе? Кеше күйеуімнен қара қағаз келді, соққыға жығылып балам жатыр әлі есін жия алмай. Мұнда келсек ән айтпа деп сен зіркілдейсің. Қайда барып күн көреміз, қайда?.. Не деген бітпейтін қыс,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26