не деген бітпейтін соғыс? Қызыл әскерлер жауды қуып бара жатыр дейді. Ол жау қашанғы қашады, біздікі қашанғы қуады? Қанша алыс болса да, қашып тығылатын жеріне жететін кезі болған жоқ па? Мүмкін, бізді алдап жүрген шығарсыңдар?
АРДАҚ (оған тесіле, ұзақ қарайды). Хадиша… (Хадиша шектен асып кеткенін енді ұғып, жан-жағына қарайды да, сілтідей тынып отырған жұртты көріп, солқылдап жылап жібереді). Әйел жолдастар. Езілмеңдер. Күйеулеріміз бен аға-інілерімізге, әкелерімізге оңай тиіп жатыр дейсіңдер ме? Майданға мақта керек. Оларға жанымыз ашыса жұмылып жұмыс істегеніміз жөн. Бүгін түнде ешкім үйіне қайтпайды.
МӘНСИЯ. Мына ақыреттей тамның ішінде қатып өлеміз ғой.
АРДАҚ. Қайтпайсыңдар. Мен де осында болам, қатсақ бірге қатамыз. Әне, анау бұрыштан тесік жасап қойдық, Қазір тезек жағамыз. Балалар, от жағуға кірісіңдер. (Балалар тезек қалап, от жағады). Ал, барып жылынып алыңдар (Жұрт жапырлап отты айнала отырады.Ормантай кіреді. Абыржулы. Ардақ оған қарсы жүреді). Ореке, не болды?
ОРМАНТАЙ. Маслпромнан қайтып келе жатқан Зейнепті ұрылар тонап кетіпті.
КӘКІМБЕК. Не дейді?
МӘНСИЯ. Тонағаны несі?
ШӘМСИЯ. Ойбай-ау, өзі тірі ме екен?
ОРМАНТАЙ. Белгісіз. Өзі табылмады. Мына бос флягтары шашылып қапты. Аттар да жоқ, шана да жоқ. Хайуандар.
МӘНСИЯ. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен. Осындай кезде кісі тонап жүрген қандай қара жүрек екен десеңші!
КӘКІМБЕК. Қолға түссе, мына отқа қақтар едім. Әй, нәлеті-ай.
ПЕРИЗАТ. Менің мамам?.. Оған не болды? Менің мамам қайда? Апа-тай-ай… (Сыртқа жүгіре бергенде, оны Хадиша ұстап қалады).
ОРМАНТАЙ (Перизаттың шашынан сипап). Мамаң келеді. Суыққа тоңған соң бір қойшының үйін паналаған шығар. Міне, көкеңнен хат келді.
ПЕРИЗАТ. Хат? Менің көкемнен бе? Көкешім менің. Көкешім. Қане? (Ол жылап тұрып хатты қолына алады).
ДАУЫСТАР. Оқы. Оқы. Бәрімізге естіртіп оқы. Жұрт оны қоршап алады.
ПЕРИЗАТ (көзінің жасын сүртіп, оқи бастайды). «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты аталар мен аналар, ағалар мен жеңгелер және де құлын-тайдай құлдыраған іні-қарындастар. Қалай, аман-есен денсаулықтың арқасында жусанның жұпар иісі аңқыған ауылда ойнап-күліп жүрген боларсыздар… Соңымда қалған қос құлыным Перизат пен Әскербек…» (Дауыс бәсеңдеп барып естілмей кетеді). Жарық сөнеді.
* * *
Жұпыны ғана жиһаздары бар колхоз бастығының жадау кабинеті. Кеңседе Ормантай, Ардақ, тағы екі-үш актив отыр.
АРДАҚ. Жолдастар! Ел басына күн туған осындай қысылтаяң шақта біз тағы да мәжіліс құрып, кісі күлерлік өрескел жайды талқылап отырмыз. Өздеріңе белгілі, делқұлы Демесін атына мініп алып, түні бойы тарсылдатып мылтық атып, үш күннен бері ауылды айнала шауып шығатын болды. Оны бәріңіз де көріп те, естіп те жүрсіздер. Бала-шаға, қатын-қалаш үрейленіп, даладан тықыр естілген сайын, ол үйге кіріп кететіндей түнемеге кірпік ілмейді, кірпік ілгендері
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26