ұйқыларынан шошып оянады. Ауыл советінің председателі ретінде мен колхоз басқармасының шұғыл шешімі қабылдануын сұранамын. Олай болмаған жағдайда ауылдық совет өз бетінше шешім қабылдауға қақылы.
ОРМАНТАЙ. Ал, айта түс. Не деп кеңес бересіздер сонда?
АРДАҚ. Жолдастар, не істеу керек екенін қысқа ғана айтыңыздар. Сөз сауып отыратын уақыт жоқ. (Ешкім үндемейді). — Осы ауылда бір әйел баласын тастады, бір бала хал үстінде жатыр, бір шал мен бір кемпірді есекке қоржын ғып байлап өлтіре жаздады. Енді бұдан артық не керек? Оның қолында мылтық бар. Қазір кіріп келсе, сіз екеуімізді тұрған жерімізде… Осы кезде есік айқара ашылып, мылтық асынған, қолында дорбасы бар Демесін кіріп келеді. Әркім тұрған орнында қатып-қатып қалады.
АРДАҚ. С-саған… не керек, ж-жолдас Деме-сін-ов?
ДЕМЕСІН. Мен Демесінов емеспін, Демесінмін.
АРДАҚ. Иә… Кешіріңіз… жолдас Демесін…
ДЕМЕСІН. Мен саған жолдас емеспін…
АРДАҚ (Ормантайға). Ор-еке-ау, бірдеңе десеңізші, мынаның түрі жаман ғой.
ОРМАНТАЙ (орнынан тұрып, оның қасына келеді. Қолындағы дорбасын ұстайды). Мұның не?
ДЕМЕСІН. Оқ.
ОРМАНТАЙ. Көп қой өзі. Мұның бәрін қайтесің?
ДЕМЕСІН. Атам. «Атам» дейді деп, жұрт дүрліге түседі.
ОРМАНТАЙ. Кімді?
ДЕМЕСІН. Соғысты.
ОРМАНТАЙ (бас шайқап). Соғысты?
ДЕМЕСІН. Иә, соғысты атам.
ДАУЬІС. Жындымысың деген, соғысты қалай атпақшы?
ДЕМЕСІН (дауыс шыққан жаққа жалт қарайды). Кім, оны айтқан кім? Кім жынды? Мен бе? Мен жынды емеспін. Жынды сендерсіңдер! Иә! Соғыс мені атады, ал мен оны неге ата алмаймын? Атамын! Міне, былай атамын. Демесін иығынан мылтығын ала бастағанда, бір топ актив столдың астына кіріп кетеді.
ОРМАНТАЙ. Ей, батыр-екесі, болды, болды. Жұрттың зәресін алма. Мылтық ататын жер бұл емес (қолын сілтеп), ана жақта.
ДЕМЕСІН. Иә, ана жақта. Мені соғысқа жібер. Мен соғысқа барам. Мен пәшистердің бәрін қырып салам.
КӘКІМБЕК. Өзі сұранып тұрғанда жібере салайық та… соғысқа…
ДЕМЕСІН. Дұрыс айтады, өзім сұранып тұрмын.
ОРМАНТАЙ. Жоқ, саған баруға болмайды.
ДЕМЕСІН. Неге болмайды?
ОРМАНТАЙ. Сол, болмайды.
ДЕМЕСІН (оған төніп). Неге болмайды деймін? Ормантай ойланып калады.
ОРМАНТАЙ. Бармайсың… Сен… мұнда керексің.
ДЕМЕСІН (түсінбей). Қ-қалай?
ОРМАНТАЙ. Солай. Сен біздің тыныштығымызды күзетесің.
ДЕМЕСІН (жүзіне шырай кіріп). Мен… мен керекпін бе?
ОРМАНТАЙ. Иә, керексің. Ауылға фашистер мен ұры-қарыларды жібермеуді саған тапсырамыз. Демесін оны құшақтап сүйіп алады да, есіктен атыла шығады. Столдың астындағы жұрт жарық дүниеге шығып, демдерін терең алып тұрғанда, Демесін қайта кіреді. Жұрт қайта жасырынады.
ОРМАНТАЙ. Иә, тағы не дейсің?
ДЕМЕСІН. Маған ат бер. Ат керек!
ОРМАНТАЙ. Сенің атың бар еді ғой.
ДЕМЕСІН. Ол аз. Бір ат тез шаршайды.
ОРМАНТАЙ. Япыр-ай, ә… Ат жағы тапшы боп тұрғаны…
ДЕМЕСІН. Маған ат керек (Даусын көтеріп). Маған ат керек деймін. Мен тыныштық күзетшісімін.
ОРМАНТАЙ. Ақырма, батыр (Ойланып). Жарайды, бір ат табармыз.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26