АРДАҚ (шыдай алмай). Қайдан табамыз? Кеше ғана екі атты ұрылар алып кетті. Демесін оған оқты көзбен ата қарайды.
ОРМАНТАЙ (Демесінге). Менің атымды ал (Демесін оған әрі разы больт, әрі таңданып тұрып қалады). Солай, есік алдында ерттеулі тұр. Мін де жүре бер.
АРДАҚ. Түсінсем бұйырмасын… Ал өзіңіз ше? Жаяу жүресіз бе?
ОРМАНТАЙ. Мен… жаяу жүре тұрармын.
ДЕМЕСІН. Рақмет, рақмет саған (Оны тағы сүйеді).
ОРМАНТАЙ (Демесіннің қатты қысқанына шыдай алмай). Болды, болды. Осы жақсы көргеніңе де ризамын. Атты ал да, ертерек жөніңе кетші. Демесін оны босатып, есікке беттей береді де, қайта бұрылады.
ДЕМЕСІН. Сонан соң шана. (Ормантай салы суға кетіп, тұрып қалады) Пәшистерді ату үшін оқ-дәрі салып жүретін шана керек, шана. Аттың шөбін де шанаға сап жүрмесе болмайды. Оның қарны ашады (Ардақ ашу-ызадан қалшылдап, кеңсе ішінде әрлі-берлі жүр. Ормантай «шана, шана» деп күбірлеп ойланып қалған). Немене, шана жоқ па?
ОРМАНТАЙ. Жоқ бір де бір шана жоқ. Демесіннің салы суға кетіп, бұрылып жүре береді.
ОРМАНТАЙ. Бар… Бар шана. Біздің үйдің алдында тұрған менің бір кісілік шанамды ал. Саған ол лайық шығар (Демесін оны құшақтағалы бері қозғала бергенде, Ормантай шетке ытырылады). Болды, болды. Құшақтамадың деп саған ренжімеспін. Сен жақсы көргеннен кейін адам көк ала қойдай боп қалады екен. Бара ғой.
ДЕМЕСІН. Жарайсың, бастық, жарайсың. Мен пәшистердің бірін қалдырмай қырамын, бірін де. Бұл ауылға бір де бір пәшист келмейтін болады. Міне, былай жайратып саламын. Тра-та-та-та-та…
ОРМАНТАЙ. Иә, иә. Солай, жайрат бәрін де. Демесін кетеді.
АРДАҚ. Ойбай-ау, тонап кетті ғой, тонап. Тапа-тал түсте. Өзіміз адамды – ат, шапанды – шана жасап отырсақ, сіз оған бір ат пен бір шана бердіңіз де жібердіңіз. Керек болса бұл шаруашылыққа жасаған қастандық. Диверсия. Ауданнан келе жатқан өкілге мен солай деп түсіндірем.
ОРМАНТАЙ. Ай, ай, Ардақ-ай. Қалай деп түсіндірсең солай деп түсіндір, ол да адам шығар, мен де өз аузымнан айтармын. Көп болса шаруашылыққа бір ат, бір шана жетпес. Одан ауыл тірлігі ойсырамайды, бір амалы табылар. Оның сен ойлағаннан мәні тереңірек.
АРДАҚ. Бұл жерден қандай терең мән көріп тұрғаныңызды түсінсем бұйырмасын. Жындыға ат бер, шана бер, қос ауыз мылтық, қолына бір дорба оқ бер. Ойбай, Ореке-ау, мұнда қандай терең мән жатыр? Енді оған барып. «Кешіріңіз, жолдас жынды, айып болмаса бізді жайратып атып тастаңыз», — деп айтуымыз ғана қалды ғой.
ОРМАНТАЙ. Сен әйел адамсың ғой, әйелге қатыгездік жараспайды, тым қатты кетпе, Ардақ.
АРДАҚ. Осының бәрі сіздің жұмсақтығыңыздан. Елдің естісі де, есері де бізді әбден басынып алған. Былтыр көктемгі жаңбырда құлап қалған мал қораны жаз бойы салып үлгере алмағанымыз да
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26