Еңсені басып, апшыны қуырған қарашаның суық жаңбыры екі күннен бері толассыз жауып тұр. Әуелгіде азынаған желін ала келіп, ашулы басталып еді, бірер сағаттан соң арыны басылып, шаршамайтын баяу сарынға көшіп алды да, асфальт жамылған абыр-сабыр қаланы момақан да мүсәпір кейіпке түсіріп кетті. Өлмей шаруасы бітпейтін көшедегі ағылған адамдар да сиреп, жылы үйлерінен бас шығаруға жиреніп, тым-тырыс жатыр. Алдағы күндердің бұдан да ауыр боларын ойлап, сары ала жапырақтар сары уайым құшағында үнсіз тұр. Алып бара жатқан шаруасы болмаған соң, Зейнеп те далаға шығуға ерініп, үш күннен бері екінші қабаттағы екі бөлмелі үйінде қамалып отыр. Жүргінші дейтіндей, осы маңдағы бір үйлерге арнайы ат басын бұрып келген адам болмаса, бұл төңіректе жайма-шуақ күндердің өзінде де бейсауат адам бола бермейді. Өйткені, қаланың аэропорт жақтағы ауданы боп саналатын бұл маңда артық-ауыс дүкен, жұрт көңіл көтеріп, серуен құратын мәдени орындар атымен жоқ. Тек күнделікті тіршілікке қажетті аса зәру заттар сататын азық-түлік ларектері мен ұсақ ұста будкалары, бірен-саран газет киоскілері ғана бар. Түскі шайын баптап ішсе болды, қазаныңда ас қайнамаса да қабақ шытпайтын Зейнеп бүгін еш нәрсеге зауқы соқпай, тіпті екі көшеден кейін орналасқан азық-түлік ларегінен ертелеп барып шайға қататын сүт алып келуге де, қала берді, көршілерден сүт сұрауға да ерініп, үйдегі өзінің «барымен базар қып» отыр. Күн батып, жаңбырлы даланың қараңғылығы тез қоюланып бара жатқан шақ. Үй ішіндегі заттардың да көзден ғайып боп, қабырғалардың ғана болмашы бозарып тұрғанын Зейнеп ас үй мен өзге бөлмелердің арасында күйбеңдеп жүріп-ақ байқамай қапты. Бұл үйде не тіршілік болсын, орны ойсырап, бітпей тұрған ештеңе жоқ. Бәрі дайын, бәрі бар. От жақпайсың, су тасымайсың, екі-үш күнде бір рет дүкенге барып, қу тамақтың тесігіне тықпалайтын оны-мұны әкеп қойсаң болғаны, қылт етіп жұрт көзіне көрінбей жата бер. Сенің біреуге, біреудің саған қажеті жоқ. Мейірбандыққа жаратылған адамды тас бауыр ететін қала тіршілігі-ай, десеңші? Бірақ тасбауырсың деп кімді кінәлайсың, неге кінәлайсың? Бәрінің өз тірлігі, өз шаруасы өзінде, қайта баса-көктеп кіріп барса, өзгенің тыныштығын бұзудан да қорқады емес пе? Оның пенсияға шыққанына бір айдан енді-енді ғана асты. Пенсияға шықсам қимылсыз жатып бір демалармын-ау деп ойлаған, қайда-а, керісінше, жұмыста жүргені жақсы екен, әйтеуір, алдыңдағы жұмысты ғана білесің. Ал қолы бос адамның қарайламайтыны, араласпайтыны қалмайды екен және сенің араласқан ісің бітіп жатса екен-ау, ешқашан бітпейтін, өнбейтін, көзге көрінбейтін, тынғанынан уайымы мен күрсінісі көп ұшы-қиырсыз бірдеме. Балалардың қамы ғой баяғы. Олардың мұнымен инедей де ісі жоқ, бірақ Зейнепке олар мұңсыз өмір сүре алмайтындай, бәрі де аналарының қамқорлығын
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59