Ыбыштың мінез-құлқы, кескін-келбеті, аузындағы сөзі мен күлкісіне шейін әкемнен аумай қалған, сойып қаптағандай дерсің. Екі иығы қақпақтай, менен екі есе бар. Шешінгенде білегіндегі білем-білем бұлшық еттер арасында шортан жүргендей бұлт-бұлт етіп ойнап шыға келеді. Ол асығу дегенді әсте білген жан емес. «Ойбай, тұр, қойға қасқыр шапты!» — десең де орнынан жайбарақат көтеріліп, маймаң-маймаң басып барып жарбиған жаман кепеден ер-тоқымын алады, сонан соң үйде қалған қамшысына қайта келеді. Содан кейін барып байлаудағы күрең қасқаны асықпай ерттей бастайды. Оған шейін кеудесінде жаны бар қасқыр қойды қырып бітеді ғой, сондықтан ол сайланып шыққанша қой соңынан мен кете тұрамын. Әкем Ыбыштың осы жайбарақаттығын ғана жаратпайды. Басқа жағынан Ыбыш ол үшін жігіттің сұлтаны, нағыз еркек. Күш дегеніңіз оның бойына сыймай, асып-төгіліп жатыр. Аузын шымшып тіккен екі орыс қабың Ыбыш үшін түк емес. Қауын көтергендей екеуін екі қолтығына қысып алады да алдында кездесе қалған анау-мынау арық-атызыңнан аттап-бұттап жүре береді. Сондықтан да біздің үй ақ қапшық дегенді ұстамайды. Анау азық кепедегі маса қонса жарылғалы тұрған ала қап, қара қап, шұбар қап дегендердің бәрін апамның өзі тоқыған. Ыбыштың айрықша бір мінезі — көкпар құмарлығында. Көкпар хабары шықса Ыбышты тану мүмкін емес. Жалпақ танауы балықтың желбезегіндей желп-желп етіп, үлкен қой көздері қызыл көрген аш бүркіттің жанарындай от шашып шыға келеді. Қой бағу, қозы төлдету дегенің жайына қалады. Атын таң асырып, жалын тарап, түнімен ұйықтамай шығады. Тіпті, бөшкедегі ауыз судан екі-үш шелегін алып, күреңін жалт-жұлт еткізіп жуып қояды. Су таситын мен. Сондықтан, балапанын қорғаған қызғыштай шырылдаймын да қаламын. Бірақ әкем бір саусағын ғана қимылдатып мені өзіне шақырып алады да: «Қойға бар, қиналсаң суды өзім-ақ әкелемін», — дейді ақырын ғана. Ыбыштың атқұмарлығы мен шабандоздығына әкем қашан да разы. Көкпар болады деген хабарды да алдымен өзі айтып келеді. Үлкен баласының мен сияқты емес, қайратты, шабандоз, көп сөйлемейтіндігін ол мақтаныш тұтады. Сондықтан, көкпар хабары сонау Қазықұрттың бауырынан шықса да, Ыбыштың баруын әкем іштей тілеп отырады. Мұндай кездерде ол оған ерекше мейірімді де, шешіліп сөйлегіш. Өйткені, көкпар –ата мен бабаның атын шығаратын, даңққа бөлейтін қасиетті бәйге. Ал, көкпар болмайтын күндері ол Ыбышты уысынан шығармай берік ұстайды. Біз бәріміз де оның ызғарлы жүзінен ығысып жүре береміз. Тау қопарар еңгезердей Ыбышың да оның алдында бір уыс мақтадай бола қалады. Сондықтан, мен өзім шаппасам да көкпар хабары шықса екен деп тілеп жүремін. Онда, үй ішіне жылылық, көңілділік енеді. Әкем де, Ыбыш та осы кезге шейін бетімнен бір сүйген емес, тіпті, айналайын деген сөзді айтқан-айтпағандары да есімде жоқ. «Баланы айналып-толғана берсең әйел тәрізді сынық, жасық боп кетеді» деген
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47