Сөйткен ана, әні, бұл дүниеде жоқ, тек елес боп мұның есінде ғана өмір сүреді. Бір күні мына өмірден бұл да кетеді, сонан соң ана елесі де ғайып болып, ондай адам болмағандай, мына дүниеге ешқашан келмегендей тып-типыл, жым-жырт болады да, оның орнын өзгенің дүбірі басады. «Өмір» деген сол! Бесік пен молаға дейінгі қас қағым сәтті адамдар осылай, «өмір» деп атаған. Айтөренің тұла бойы дуылдап, көз алды буалдырланып кетті. Өткен өмір елесінің құшағында осылай үнсіз отыра беру оған бір жағынан бесіктей жақса, екінші жағынан бітпес азаптай боп көрінді. Бір кезде осы үйде бұлар у да шу, азан-қазан тіршілік кешіп еді-ау! Енді өзінен басқа ешкім қалған жоқ. Есебін тауып, адаспай жететін өлім бір күні бұған да құрық салады. Өлім оның өз бойында, ол да анадан туылғанда мұнымен бірге туылған, тап қазір денесінің бір нүктесінде өз сәтін асықпай күтіп, бөденедей бұғып отыр. Айтөре суыққа тоңып, әжімі молайған екі қолын көз алдына әкеліп, аударыстырып қарап көрді. Кенет өз қолы өзінікі емес, мүлде жай біреудің қолындай әсер етіп, жүрегі дір ете түсті. Ол қолдарын стол астына қайта түсіре қойды. Үлкен қүміс подносқа шай жабдықтарын тиеп, ас үйден сөйлеп шыққан Зейнептің даусынан ол селк ете түсті.
- Қалай, жалғызсырап қалған жоқсыз ба? — деген қарапайым ғана үйреншікті сөз оған жай оғындай әсер етті.
- Ім… м, жоқ, — деді Айтөре шошынып қалғанына ыңғайсызданып, сол ыңғайсызданғанын сездірмес үшін орынсыз күліп.
- Күлуіңізге қарағанда әр нәрсе ойыңызға түсіп отыр-ау.
- Жоқ, ә! «Адам қысылса — күледі, ит қысылса — үреді» деген, менікі сол, қысылып отырғандықтан шығар.
— Қысылмаңыз, өз үйіңіздей көріңіз, — деді Зейнеп алыс әзілдің ұшын шығарып. Сөйтті де, кесеге шай құйып, қонағының алдына қойды. Айтөре аузының күйгеніне қарамай ыстық шайды сораптап ұрттап, әне-міне дегенше бітірді де, бос кесені Зейнепке қайта ұсынды. Зейнеп өз кесесін қоя салып, оған қою шайдан қайта құйды. Айтөре ай-шай жоқ сораптауға қайта кірісті. Бастапқыдай лездікпен екінші кесені де босатып тастап, өзінің қайда, не істеп отырғанын ұғып алғысы келгендей демін терең бір алып, Зейнепке байыппен бір қарап алды.
- Көнім кеуіп қапты-ау! — деді ол рахаттана күлімсіреп.
- Ішіңіз тағы.
Айтөре кесесін қайта ұсынды. — Қызық-ақ, — деді ол басын шайқап. —
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59