Қырымда демалып жатып дәл осындай үнді шайын, дәл осындай шәйнекке, дәл осындай суға демдеп талай іштім. Бірақ әйел қолынан шыққан шай мүлде бөлек болады ғой деймін. Көлденең адам өзі демдеген шайын мақтағанына Зейнеп іштей риза боп қалды. — Кейде судан да болады ғой, — деп ол кішірейе жауап берді. Осы кезде күні бойы үнсіз тұрған телефон шар ете түсті. Оқыс шыққан дауысқа екеуі де жалт қарады да, Зейнеп орнынан ұшып тұрды. — Әлгі бала шығар, Ертайды айтам. Өздері кеп қалу керек еді, неге телефон соқты екен? — Ол жүгіріп барып, трубканы көтерді.
- Әлоу, иә! Мен ғой, не болды? Неге кешігіп жатсыңдар? Неге кешігіп жатырсыңдар деймін? Таңертең шығамыз деп едіңдер, кеш болды ғой, жаным-ау! Жұмыс? Неғып бітпейтін күйбең ол? Келін қасыңда ма? Кімді? Ағасын күтіп отырмыз? Қайдан келу керек еді? Айналайын-ау, көрмей жүрген ағасы емес, ертең қайта барып шығуларыңа болады ғой. Көп кешікпеңдер! Жарайды. — Ол трубканы орнына қойып, стол басына қайта келді.
- Осы бала да менің шашымды мезгілсіз ағартып бітті әйтеуір, — деді ол Айтөренің баяғыда босап қалған кесесіне шай құйып жатып. — Біресе анда тұрам дейді, біресе мұнда тұрам дейді. Әйелі қайда айдаса, солай қарай томпаңдап бара жатқаны. Қазіргі жастар әйелдеріне қарап қарсы сөз айта алмайтын мәнжубас боп кетіпті ғой. Адамның намысын келтіреді. Өй, жігерсіз!
- Кенжеңіз бе?
— Иә. Оны қайдан білесіз? — Солай шығар деп топшылағаным ғой. Менің тұңғышым тентек болды. Ойбо-ой, оның маған көрсетпеген құқайы жоқ! Тіпті, соның кесірінен түрмеге де түсе жаздадым.
- Не дейді, құдай-ау! Сіздің не кінәңіз бар еді?
- «Баласына дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін!»
- Ол не істеп қойып еді?
- Не істеді деріңіз бар ма? Тентектік қой баяғы! Көлге шомылуға бір қора қыз-жігіт боп барады да, көңіл көтеру үшін ащы судан біраз ұрттаған ғой. Әбден көңілденіп, бірін-бірі суға лақтырып ойнайды. Біздің бала мен тағы бір жолдасы «сен неге суға түспейсің» деп, қыздардың қасынан шықпай қойған бір жігітті бас салып ұстап алады да, екеуі екі аяқ қолынан ары-бері салмақтап-салмақтап тұрып көлге лақтырып кеп жібереді. Әлгі бала әлі шығады әлі жоқ, бері шығады бері жоқ, жым-жырт болады да кетеді. Бізді қорқытқалы су түбінде әдейі жатыр деп олар аңтарылып біраз күтеді.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59