жұлып алған да мен» деп, өз қолынан қағаз жазып, қол қойып беріпті. Содан не керек, бәрі құтылыпты да, бұл тұтылып қала берген. Оны құтқарған да, құтқарам деп әрекет жасаған да адам болған жоқ. Шырылдап жүгірген мен ғана. Менің неге шамам келеді, шамамның жететіні екі көзім ғана дә, баяғы. Көз жасымды көл қылып, анда шапқыладым, мында шапқыладым, бәрі зая кетті. Баламның алданып қалғанын, төбелестің ішінде жүргені болмаса, оның ешкімге қол жұмсамағанын, бірінші бастамақ түгілі жанжал шыққан жерге жұрттың соңынан жеткенін, шыққан көз бен жұлынған құлақ туралы милиса келгесін ғана естігенін айтып, талай адамның алдына бардым. Баламның өз қолынан жазып берген қолхаты таудай бәле болды. Заңның аты — заң, одан ешкім аттай алмады. Баламның ол қолхатты біреудің алдауымен жаза салғанын бәрі біледі, бәрі түсінеді, бірақ амал бар ма, қаламмен жазғанды қылышпен шаба алмайсың деген сол. Содан сотталып кетті. Алты жылға кесілді. — Зейнеп баласы дәл бүгін сотталғандай иығы солқ-солқ етіп, егіле жылады. Халатының қалтасынан үлкен шаршы орамал шығарып, лезде бетін жуып шыға келген жасын, мұрнын сүртті.
— Әлгі бала қайда кетті? Министрдің баласын айтам?
- Ол қайда кетуші еді, жүрді ғой тайраңдап. Өзіне де, әкесіне де жолықтым. Қайда-а, олар менің сөзімді тыңдаушы ма еді. «Балаңыздың төбелескені рас па, рас, өзі мойындап хат жазды ма, жазды, енді бізге неғыл дейсіз» деп баласы да, әкесі де мені маңайына жолатпады.
- Сатқындар! — деді Айтөре кіжініп. — Адалдықты аттап, тазалықпен аяқ сүртіп, күн көргендер! Ертеңгі күні Отанын сататындар да солар. Әттең олардың арамдығын дәлелдей алмайсың! О-о, мына өмірде ондайлардың қаншасы жүр десеңші! Оған қапа бола-бола үйренгенбіз, қарынд… Айтпақшы, сіздің жасыңыз менен әлдеқайда кіші болар, қарындас десем ренжімессіз.
Жылап отырған Зейнеп көзін сүртіп орамалын тез төмен түсірді де, күліп жіберді. Соған қарағанда, ескі қайғы қанша көңілді босатқанмен, реті келгенде тез ұмытыла салатын болуы керек.
- «Бір шалды бір шал «жезде» дейді» демекші, қайдағы қарындас! Шашы ағарған адамды қарындас деу, сиырға ер салғандай ерсі емес пе тәйірі!
- Мәссаған! Манадан бері дәмдес-тұздас боп, біраз әңгіменің тиегін ағытып үлгірсек те, сіздің атыңызды сұрамаған екенмін-ау. Иә, атыңыз кім болады, қарындас? — Айтөре «қарындас» деген сөзді әзілге бұрған боп, әдейі көтере айтты.
- Атым — Зейнеп. Бірақ мені білетін жұрт «Әже» дейді. Зейнеп деген үлкен әжеміздің аты екен. Жарықтық жүз үш жасқа келіп, алжымай өліпті. Қазақтар өзінен үлкен адамның атын атамайды емес
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59