далаға шықпай-ақ, сіздің дәмді шайыңызды ұрттап, қасыңызда отыра бергенге не жетсін! Ертең дүйсенбі, сіз жұмысқа баратын шығарсыз.
- Сіз мені мүлде жасартып барасыз ғой тегі. Қайдағы жұмыс! Оны қойғалы бір ай болды. Бір айдан бері пенсиядамын. Әні, сіздің қарындасыңыз бүгінде солай, ағасы, — деп Зейнеп күліп алды да, кесе-шәйнектерін жиыстыра бастады. Оған Айтөре де қосыла күлді. Күліп болған соң:
- Япыр-ай, ә, сізді пенсияда деп ешкім ойламайды, —деді.
- Бүгін ғана паспорт алған қыз деп ойлайтын шығар? — Зейнеп ыдыс-аяқтарын баяғы подносқа тиеп, ас үйге қарай алып кетті.
- Жас кезіңізде жігіттердің аузын аштырмайтын тілді болғансыз-ау, — деді Айтөре ол кеткен жаққа бұрылып. — Байқаймын, ағайға оңай тимеген болуы керек.
Айтөре әзілінің орынсыз шыққанын, оны Зейнептің тым ушықтырып жібергеніне таңданып, сыбырлағандай ғана:
- Кешіріңіз, — деді естілер-естілмес. — Бұл сөздің сізге ауыр тиетінін байқамай қалдым. Көп болды ма?
- Ол қайтыс болғанда үлкен ұлым он бірде, ең кішісі төртте болатын. Жасы, — ол Айтөреге көз тоқтатып қарап шықты, — жасы сіз құралпы ғой деймін. Сіз нешедесіз? Еркектің жасын сұрауға болатын шығар?
— Неге болмасын, болады ғой, — деп күлді Айтөре галстугін жөндеп қойып. — Алпыс бестемін. Пайғамбар жасынан астым. Япырым-ай, қазір өмір сүрсе пайғамбар да пенсияға шығады екен-ау! Оның бұл әзіліне ас үйдегі Зейнеп қатты күлемін деп бір кесесін жерге түсіріп алды. Кесенің быт-шыты шықты. Оның бір сынығы Айтөренің алдына кеп түсті. Айтөре оны жерден көтеріп алды да, әлі күлкісін тыя алмай тұрған Зейнепке қарап:
- Жақсылық болады екен, — деді дауыстап.
- Айтқаныңыз келсін! — Ол алжапқышына қолын сүртіп, бәтеңкесін кигелі жатқан оған жақындады. — Далада жаңбыр құйып тұр, мұндайда таксилер тапшы болады, күтіп қалуыңыз мүмкін-ау.
- Ештеңе етпес, кез келгеніне қол көтерермін. Бұл жолы өткендегідей далада үй іздеп көп жүрмеймін ғой.
- Сонда да болса, кім біледі, суық тиіп ауырып қаласыз ба? Суықтың іздейтіні кәрі дене ғой. Ім… м, мынаны ала кетіңіз. — Зейнеп киім ілгіштің үстінде тұрған қол шатырын ұсынды.
- Өзіңіз ше?
- Мен үйдемін ғой.
- Ертең ше, бүрсігүні ше? Оның арғы күні? Немесе, бүгіннен кейін Алматыда жаңбыр
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59