ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ

болмай ма?

Е, болса алармыз. Бүгіннен кейін Алматыда дүкендер де жабылып қалмайтын шығар. Алыңыз. Бала-шағаңызға ауырмай жетіңіз. Үйіңізді көрдіңіз, көңіліңіз жайланды, талай нәрсені еске түсірдіңіз. «Екеуміз үйленген ескі үйде болдым, жастық шағымызды еске алдым. Онда пенсияға жаңа ғана шыққан бір әже тұрып жатыр екен, қолынан шай іштім, сәлем айтып жатыр» дейсіз. Жолдарыңыз түссе, тағы келіңіздер. Япырым-ай, костюміңіздің омырауы әлі дымқыл ғой деймін. — Зейнеп оның жағасын сипап көрді. — Иә, әлі кеппепті. Манадан бері ойыма түссе ғой, ыстық өтекпен бір-екі жүргізіп жіберер едім. Шешіңіз, әлде де болса өтектеп берейін.

  • Жоқ, рахмет, — деді ол «ризамын» дегендей көзін жұмып, басын изеп. — Сізді онсыз да күтпеген жерден біраз әбігерге түсірдім. Сау болыңыз. — Айтөре қоштасқалы Зейнепке қолын ұсынды. Қол алысып қоштасуды күтпеген Зейнеп табан асты сасқалақтап, алжапқышына алақанын керегі болмаса да бір сүртіп алды да, оған қолын созды. Әрі дымқыл, әрі жылы, әрі жұмсақ Зейнептің алақанын Айтөре тез жібере қоймай біраз ұстап тұрды да, әйел атаулыға біткен табиғи ұяңдықпен қымсынып төмен қараған оған тура қарап:
  • Тиіп-қашып қайғы-шерімізден хабар бергеніміз болмаса, бір-бірімізді танымаған күйі кетіп барамыз. Кетіп барамыз емес, мен кетіп барамын, сіз қалып барасыз, — деп Айтөре өз сөзін күле түзеді. — Аз отырсақ та, ашық сөйлесіп, танымайтын адамға ашық қабақ таныттыңыз. Ал басқа не айтамыз, келесі бір жолы жөндеп танысармыз. — Ол Зейнептің қолын қысып, құшырлана сілкіп қойды. — Жолыңыз түссе бізге келіңіз!

Иә, барамын, барамын! Мұзды мұхит  жаққа күнде жолым түсіп тұрады ғой, — деп ол да әзілге әзілмен жауап берді. Айтөре тағы бірнеше дүркін бас изеп, «сау болыңыз» дегенді екі-үш қайтара айтты да, шығып кетті. Есік сарт жабылды. Үйде құлаққа ұрғандай тыныштық орнады. Ол есік алдында көпке дейін қимылсыз тұрды. Бірінші қабаттағы әлдекімдердің қысқа ғана сөйлескендері естілді де, әлдеқалай бір есік сарт жабылып, бәрі де қайта тынышталды. Зейнеп ас үйге кірді. Еденде шашылып жатқан кесе сынықтарын көрді. Сол кезде құлағына «жақсылық болады екен» деген Айтөренің жанға жағымды қоңыр даусы естілгендей болды. Ол қалақ әкеп, кесе сынықтарын сыпырып алды да, іргедегі шелекке тастады. Сонан соң ортаңғы бөлмедегі столға жақындады.  Өзі отырған орындыққа көзі түсті. Неге екені белгісіз, сол орындыққа қайта отырғысы келді. Ол өзінің көңіл-күйіндегі бұл секілді өзгерістің неге, неден екенін түсінбеді және оның басына «неге» деген сұрақ та келе қоймаған-ды. Үйдегі өлі тыныштық оның жанын құлазытып,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59