барған сайын сабырын ала берді. Іштегі кенет оянған беймаза бір сезім бірте-бірте күшейіп, көгені ағытылған қозылардай сәлден соң тұс-тұстан жамырай бастады. Ол мұның бәрін өзінше жаман ырымға жорып, алдағы күндердің жақсылығын тіледі. Секемшіл көңілі әр саққа бір жүгіріп, әр жамандықтың алдынан шығып байқап көріп жатты: ол тым ұзаққа созылған жаңбырдан қорықты, жан-жақта жүрген балаларының жағдайын көзіне елестетті, тым кешігіп, үнсіз кеткен. Ертай аман ба екен деп те ойлады. Телефонға келді. Трубкасын құлағына тосып көрді, дыңылдап мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Кері бұрылып телевизор жаққа беттеді. Сол сәтте өзі отырған әлгі орындыққа көзі түсті. Құданың құдіреті, сол орындыққа отырғысы келген сезім қайта оянды. «Ал отырайыншы, — деді ол өзінен-өзі іштей күбірлеп. — Мұнысы несі екен?» Ол ескі орнына жайғаса берген сәтте қарсы алдынан ер адамның тұлғасы көрінгендей болды. Ол өзінен-өзі селк ете түсті. «Бұ не бұл? Ауырып қалғаннан саумын ба? » Лезде қайта тұрып кетті. Ас үйге қарай жүре беріп еді, әлдекім сыртқы есікті ашып кіріп келе жатқандай көрінді. Жүрегі лүпілдеп солай қарай бұрылды. Ешкім де жоқ. Көңілі орнына түсіп, дәліздің ұмыт қалған лампасын өшіре беріп еді, қаракөлеңке бұрыштан әлгі еркек күлімсіреп қарап тұрғандай көрініп кетті. «Тиіп-қашып қайғы-шерімізден хабар бергеніміз болмаса, бір-бірімізді танымаған күйі аттанып барамыз» деген қоңыр дауыс естілгендей болды. Ол өзі-өзінен шошып кетті «Құдай-ау, бұл… бұл әлгі кісінің сөзі ғой. Иә-иә, дауыс та соның дауысы!» Зейнеп ішке қайта кіргенде көзі еріксіз стол жанында тұрған орындыққа түсті. Дәліздегі бейне мен стол басындағы бейне қайта елес беріп өтті. Сонда барып ол өзі ісінен өзі күдіктеніп, ішкі дүниесіндегі қым-қуыт, бейтарап күйге құлақ түргендей, бөлме ортасында аңтарылып, қимылсыз қалды. Ол осылайша ұзақ тұрды. Ұзақ тұрып тапқаны — әлгінде өзі қорыққандай сырқат емес екендігі, ал әр жерден қараңдап көрінген елес болса, бұл үйде ешқашан бөтен еркектің болмағанынан шығар деп түйді. Ол осы кезге шейін сан рет жалғыз қалып, сан таңды жалғыз өзі көзімен атқарған-ды, бірақ соның ешбіреуінде де дәл осындай жалғыздық сезінбеген сияқты. Үйге сыймай бара жатқан соң, құдасының үйіне телефон соқты. Төрт-бес рет қоңырау берілгеннен кейін барып біреу трубканы көтерді де, «әл-о-оу» деп даусын әндете созды. Зейнеп құдағиы екенін тани кетті. — Ә-ә, құдағи, сәламатсыз ба, бұл мен ғой. Ертайдың мамасы. Аман-есенсіздер ме, құданың дені сау ма? Иә, жаман емес, рахмет. Мен ана Ертайдың жағдайын білейін деп едім. Күндіз келеміз деп еді, кеш болды, екі көзім төрт боп әлі күтіп отырмын, өздері үйден шықты ма? Ұйықтап жатыр?! Ойбай-ау, екі кештің арасында ұйықтағаны несі?
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59