сарылып күтіп отырғандай көрінеді. Бәрінің әйелдері бар екенін, бұның ақылынан гөрі олар әйелдерінің ақылын көбірек тыңдайтындарын, әйтеуір жер бетінде анамыз бар деп ауызбен айтып қойғандары болмаса, енді сол анасыз-ақ өмір сүре алатындарын, ол ешқашан ойлап көрген емес. Ойламайды да. Ойласа да ол ойға бағынғысы, мойынсұнғысы келмейді. Бір сағатқа аналары көзден таса болса, мына жалпақ дүниеде жалғыз қалғандай «мамалап» жылайтындары қайда? Күйеуі қайтыс болып, төрт баланың ортасында жалғыз қалғанда, оларды асырап жетілдіру үшін амалсыз қара жұмысқа араласпады ма? Ол кезде бала-бақшада орын аз, балаларды қолы бос көрші-қолаңдарға, алыстағы таныстарға тастап, қас қарая бәрін жинамаушы ма еді? Сол кезде осы әлжуаз мамалары бар дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай, онсыз мына дүние қараң қалардай көрініп, бәрі тұс-тұстан анталап кеп құшақтаушы еді ғой. Содан автобустан автобусқа отырып, суық үйге түн ішінде жиналушы еді-ау? Бәрі у-шу боп жүріп пешке от жағып, қазанға май шыжғырып, көпсітіп пияз турап, өзге жұрттың алды жата бастағанда бұлар абыр-сабыр боп кешкі тамақ ішуге отыратын. Тамағын ішіп болар-болмаста бес жасар Ертай столға маңдайын тіреп ұйықтап қалатын-ды, ал ересектері өз төсектерін өздері салып, «мама, қасымызға келіп жатшы» деп сөйлеп жатып, мамаларының «қазір» деген даусы екі-үш қайталанғанда-ақ тұяқ серіппей тым-тырыс ұйықтап кетуші еді. Тек жөргегінен қағылездеу өскен жеті жасар Нәзипа ғана шешесінің «жат» дегенін тыңдамай, ыдыс-аяқ жуысып, күні бойы көрген-білгенін айтып, екеуі бірде күліп, бірде мұңайып, бірде жылап жүріп төсектеріне бейуақта кеп жататын-ды. Нәзипа мұның мойнынан тас қып құшақтап алатын. «Бүгін күні бойы не істедіңдер? » — дейді мамасы бірден ұйықтап кетпейтін болған соң әлдене дегісі кеп. «Ойнадық. Қыдырдық». «Қайда қыдырдыңдар?» «Магазинге бардық. Мені ертіп барды. Сол жерден өзіне бантик алды. Әдемі, көк болғанда бар ғой, көкпеңбек!» «Сонан соң?» «Сонан соң… балмұздақ жедік. Ол жеді. Ол өзіне ғана алды». «Неге саған алмады?» «Білмейім. Бірақ маған балмұздақ жеуге болмайды ғой. Тамағым ауырады. Сонан соң сен ұрсасың. Мен ауырсам, сен жұмыстан қаласың, сонан соң саған ақшаны аз төлейді». — Зейнеп оған білдірмей жаймен ғана күрсініп қойды. Өн бойындағы ду-ду еткен аянышты сезімдерді бас көтеріп келе жатқанда басып тастамақ боп қайта сөз бастады. «Сонан соң қайттыңдар ма?» «Жоқ. Ол айтты, Ризаны айтам, сол жердегі кішкентай паркке барайық деді. Соған бардық. Самолетке отырдық. Маған өте ұнады. Оған да. Сонан соң Риза тағы отырды. Мен қарап тұрдым». «Неге?» «Сол… самолетке көп отырудың қажеті жоқ қой ә? Басың айналады. Суық тиеді. Көп отырудың керегі не? Бір рет отырсаң да жетеді. Сонан соң мен қарап тұрдым». «Болды, ұйықтай ғой енді». Нәзипа сөйлеп жатып-ақ ұйықтап кетті. Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59