Түріне қарағанда соғыста емес, базар аралап, әлгі киімдерді сол базардан алған секілді, енді оны жұрт неменеге күтуі керек?» Келесі бетке шашын бір бұрым етіп алдына түсіріп, үстіне кең жағалы жолды көйлек киген, сұңғақ бойлы ашаң қыз жапсырылыпты. «Зейнеп қой, — деп ойлады Айтөре оған үңіле қарап, — шашы неткен қалың, бір емес, екі адамға жетеді ғой!» Ол да сәл күле қарап, сол тұрысының өзінен әлденеге қысылатындай. Сурет ескіріп, кей тұстары сарғая бастаса да, жастық шақтың сұлулығы мен ешқашан қайта оралмас бақытты сәті сол күйінде сақталып қапты. «Қайран қатыгез уақыт-ай, — деді Айтөре Зейнептің қазіргі бейнесін көз алдына елестетіп. Сенің ермегің — адам да, ойыншығың — сұлулық-ау! Алақанға сап аялап-аялап келесің де, бір күні бәрін қайта ұрлап ап, кінәсіз адамдай моп-момақан күйде ілгері жылжи бересің». Ол альбомнан басын көтерді. Көз алдына «мен осындаймын, ал сен қандайсың?» деп жауап күтіп тұрған тоқ көңіл сұлу еркек елестеді. Есік жақтағы қара телефон безілдеп қоя берді. Дауысы аш қозының дауысындай ащы екен. Алғашқыда Айтөре көңіл бөлмеп еді, төрт-бес қоңыраудан кейін еріксіз сол жаққа назар аударды. Ол безілдеуін тоқтатар емес. Ар жағындағы адам қадалған жерден қан алмай тынбайтын біреу болу керек, қойшы дейтін түрі жоқ. Телефон әлден соң шаршап барып тоқтады. Айтөре де «уф» деп альбомды қайта ашты. Бейтаныс адамдардың суретін сыдыртып өте берді. Өзіне мүлде керегі жоқ, қызықсыз жат альбомды ашып отырып Айтөре жай ғана суреттердің өзі бір семьяның ғана емес, бүтін бір кезеңнің, уақыттың тарихы бола алатынын аңғарды. Қоғам тұрмысы, қоғам талғамы, қоғам мәдениеті, уақыт талабы — бәрі-бәрі де бір үйдің альбомынан көріне алады екен. Ол осындай ой жетегімен бейтаныс адамдардың суретіне қызығып үңіле түскенде телефон қайта шырылдады. Әлгі адам болуы керек. Бұл жолы да он шақты рет безілдеп барып тынды. Ол альбомға қайта бас қойғанда тағы шыр ете түсті. Тым болмаса үй иесінің жоқ екенін айтайын, босқа жүйкесін тоздырмасын деп ол асықпай тұрып телефонға жақындады асықпай қолын созып, жаймен құлағына тосты. Ар жағындағы адам ала шапқын боп сарнай жөнелді. — Алло! Мама! Сен неге трубканы алмайсың! Немене ұйықтап қалдың ба, әлде бір жаққа шығып кеттің бе? Айгуляның мамасымен неге ренжісіп қалғансыңдар? Онымен неге ұрсысасың? Мен немене, өз басын алып жүре алмайтын бала деп пе ең? Алло, алло! Мама! Неге үндемейсің? Алло! Алло!.. Мама! Айтөре трубканы орнына қоя салды. «Ертай болды ғой, — деді ол ішінен. Қап, бекер тыңдаған екенмін». Сәлден соң телефон қайта шырылдады. Бұл жолы Айтөре міз
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59