ӨКПЕК ЖОЛАУШЫ

тақырыбын ауыстырып. — Ондайларыңыз бар ма еді?

  •  Бар ғой, неге болмасын. Бірақ мені сағынып отырған кім бар дейсің. Бүгінде адамдар бірін-бірі сағынбайтын болды ғой. Отыз жылдан кейін көріссең де, айтар сөзің  отыз ауызға жетпей қалады. Оның үстіне, ешқайсысының телефоны да сақталмапты. Кімнің қайда екенін де білмеймін. Қала да көп өзгерген. Мына сіздер тұрып жатқан үйді де әзер таптым емес пе? Бұл үй о баста от жағатын үй еді. Міне, мына жерді көрдіңіз бе? — Ол орнынан тұрып барып, газ плитасының жоғарғы жағындағы орнын білдірмей сылап тастаған ойықты көрсетті. — Осы жерге труба сұғылатын. Екінші қабатқа шелекпен көмір тасып, ертеңгілік күл шығарып әлек боп жатушы ек. Ол кезде мына телефон да жоқ еді, тіпті бұл маңда байланыс жүйесі болмайтын. Сіз алаңдамай тыңдай беріңіз, мен ойыма түскенді айта берейін, жарай ма? Жасы жер ортасынан ауған адамдар үшін өткен өмірді еске алудан асқан ләззат болмас, сірә.
    •  Кім біледі? Кейде еске алғың да келмейтін кезің болады.
    •  Мүмкін. Бірақ өткенді өшіріп тастай алмайсың. Мен оның қандай қиын шағы болса да, ерекше мұңлы сағынышпен есіме алам. Ол мен үшін не жылап, не қуанып қана өткізген жеке адамның жалаң өмірі ғана емес, оның мына тіршілік жайлы, оның адамға міндетті түрде көлденең тартуға тиіс боп көрінетін қыруар жақсылықтары мен ғажайып құбылыстары жайлы шексіз қиялдарының бір ғана тамшысындай үлесі деп ұғамын. О, бала кезімде мен қандай қиялшыл болдым десеңші! Өскенше, ержеткенше асығып, тап бір күні ертең үлкен адам боп шыға келетіндей әрбір таңды асыға күтуші ем. Қолыма сия-қалам алып, (ол кезде сондай қалам болатын), қағазға алақанымды жатқызып, оның дәл суретін көшіріп басушы ем де, ертесіне қайта салыстыратынмын. Бір қызығы, ертесіне әлгі сызықтарға саусағым сыймай қалғандай көрініп, қуанғанымнан анама жүгіріп барып: «Апа, мен жігіт болдым, қарашы, кешегі өзім жүргізген сызықтарға қолым сыймай қапты» — деп ентігуші ем. «Әрине, әрине, күнім, сен жігіт болдың» — деп қағаздағы саусақтарымның суретін сүюші еді. «Кіп-кішкентай боп тырбиған саусақтарыңнан айналдым» дейтін маңдайымнан иіскеп. Сөйткен аналар қайда қазір, оған не жақсылық  көрсеттім? Түк те!..
    •  Қойыңыз, қамықпаңыз, — деді Зейнеп оған жұбату айтып отырса да, өз көңілінің босағанын сезбей. — Сонан соң? — Ол әңгімені көңілді арнаға бұрғысы кеп даусын көтере сөйледі. — Алақаныңыздың суретін одан кейін де салдыңыз ба?

    Айтөре естелік куып, ұзап кеткен ойын тез қайтарып ала қойды да: