— деді күліп. — Сол кезде бар ғой, есею, үлкен адам болу деген айрықша елестеуші еді. Үлкен адам — дүниенің тұтқасы, үлкен адамның қолынан келмейтіні жоқ, құдіреттей боп көрінуші еді. Ол дүниедегі барлық-барлық жақсылық атаулының таусылмас қазынасындай, жамандық дегеннің қатыгез қасындай боп елестейтін. Ол ел үшін, жұрт үшін тау көтеретін ер Толағайдай тыным таппайтын қайрат иесі сияқтанушы еді. Сол алып та аса мейірімді тұлғаның тыным таппай ылғи күрес жолында жүруі — дүниенің тынымсыз болатынынан, ізгілікпен қатар жауыздықтың да өмір сүретінінен екенін ол кезде байқамайды екенбіз ғой. Асығасың, аптығасың, сөйтіп, ержеткен соң қарасаң, — ол мырс ете түсті, — ер жеткен соң қарасаң, сүреңсіз, бояусыз ырың-жырың тіршілік. Мынау тұрған алдымыздағы румын шарабындай кермек татыған бірдеңе. — Айтөре Зейнепке аңтарыла қарады. Апырым-ау, шайыңыз қайнап қалған ба? Соған қарағанда көп сөйлеп кеткенмін ғой, шамасы. Жалыққан жоқсыз ба?
Айтөре күле сөйлеп ас үйден ортаңғы бөлмеге өтті. Әлденеге айналсоқтап ас үйде қалып қойған Зейнеп дауыстай сөйледі.
- Мыналарды апарайын ба?
- Нені?
— Кермек татыған сүреңсіз бірдеңені? Айтөре қарқ етіп бір күліп алды. — Әкеліңіз! Қайтеміз, бұл күнде асқазан деген содан басқаны есігінен сығалатпайтын болды емес пе! Олар осыдан үш сағаттай бұрын отырып кеткен столдарына қайта жайғасты. Зейнеп баяғы подносқа шай жабдықтарын біржолата тией келіпті. Манағыға қарағанда дастарқан үсті молшылық екен. Қонағының алдында қысылмайтын болғанына іштей қуанып жүрген болу керек, Зейнептің көңіл-күйі де өткендегіден көтеріңкі.
- Әйел адам жоқтан өзгеге ренжіп, жоқтан өзгеге қуана салады, — деді ол осы сәтте Айтөренің ойын растағысы келгендей, — бағана құр шайдан басқа ештеңе болмағанына қатты қысылып едім.
- Оқасы жоқ, оған несіне қысыласыз? Сонан соң, өзім де басқа емес, тек шай сұрадым ғой.
- Иә, сол тілегіңіз айна-қатесіз орындалды!
- Баяғыда, Алматыға алғаш оқу іздеп келгенімізде, арамызда Сақан деген жігіт болды. Өзі ешкімге қосылмайды, ешкіммен сөйлеспейді, тамақты қақшиып қарақан басы ғана ішіп отыратын. Өзіне аулынан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59